Анатолий Устиненко: Адамдар келер де кетер, ал фото - мәңгілік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Журналист, фотограф Анатолий Устиненко Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғаларды фотоаппарат объективіне түсірген фотографтың бірі. Оның туындыларының арасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы ұлықтау рәсіміндегі, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы аясындағы Абай атындағы шыңды бағындыру сәтіндегі сирек суреттер бар.

Анатолий Устиненко бірталай жыл ҚазТАГ агенттігінің (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) фотошежіре бөлімінде бас редактор қызметін атқарған. Жылдар қойнауындағы тарихи суреттер жайлы ол ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Айта кетейік, биыл ҚазАқпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толады. Ғасырға жуық тариыхында ақпарат агенттігінің атауы бірнеше рет өзгерген болатын. Ең алғаш рет жүз жыл бұрын РОСТА-ның Орынбор Торғай бөлімшесі, ҚазРОСТ, кейін ҚазТАГ, ҚазААГ деп аталды.

Кезінде күллі одақ деңгейінде беделі артқан ақпарат құралында нағыз кәсіби мамандар қызмет еткен болатын. Соның бірі - бірқатар халықаралық конкурстың жеңімпазы, Қазақстан Журналистер академиясының мүшесі, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының екі дүркін лауреаты Анатолий Устиненко.


Біз әйгілі фотографпен кезінде ҚазТАГ-тың кеңсесі болған кабинетте отырып сұхбаттастық. Қабырғаға ілінген суреттер да сол өткен кезеңдегі тарихи, әлеуметтік жағдайдан сыр шертеді. Арасында әлемнің әр түкпірінен Африканың, Үндістанның, сондай-ақ Қазақстанның әсем пейзажы кездеседі.

Анатолий Устиненко қызмет бабымен әлемнің 70 елінде болған екен. Объективке түсіру өнері де шетелде мойындалып, халықаралық сертификат та алған. Мұндай сертификаттың арқасында оның әлемнің кез келген жерінде мұнай өндіру нүктесін түсіруге құқығы болған.

«Мен Қазақстандағы барлық мұнай және уран кен орындарында, Гималай тауында, Килиманджаро шыңында, Абай, Жамбыл, ҚазТАГ шыңдарында болдым», - деді ол.

Анатолий Устиненко 1947 жылы Алтай өңірінде Құлынды даласында дүниеге келген. ҚазҰУ-ды бітірген. Балтық жағалауы әскери округінде екі жыл әскери борышын өтеген. Әскерден келген соң еңбек жолын Павлодар қаласындағы облыстық газетте журналист болып бастаған.

Одан кейін тағдыр жазуымен Алматыға бет бұрып, ҚазТАГ-тың сол кездегі директоры Амангелді Ахметәлімовтің шақыруымен 1987 жылы фотошежіре бөліміне басшылыққа келді.


«Мен қызметімді жазудан бастадым. Алайда тек қаламмен шектеліп қалмай, суретке түсіруге машықтанып, жан-жақты болуға тырыстым. ҚазТАГ-та қазақ журналистикасының корифейлерінен көп нәрсені үйрендім. ҚазТАГ ол кезде «ТАСС» халықаралық агенттігінің бір бөлімшесі секілді болатын. Материалдық қамту өте жақсы жолға қойылған еді, фотопленка, қағаз, фотоаппарат барлығы ТАСС-тан жеткізілетін», - деді фотограф.

Айтуынша, өткен ғасырдың 80-90 жылдарында ҚазТАГ әр облыста штаттық тілші мен фототілші ұстаған. Оларға жұмыс үшін барлық жағдай жасалатын. Астарына «Нива», әйтпесе УАЗ көлігі берілетін. Алматыда штатта Владимир Медведев, Валерий Корчин, Михаил Чупин, Марат Қабылов, Юрий Беккер, Александр Павский, Шамиль Жұматов және тағы басқа фототілшілер жұмыс істеді.


«Ол кезде бәрі басқаша еді. Фотоға түсіру көп уақыт алатын. Жалпақ пленкалы аппарат қолданатынбыз. Алдымен суретке түсіріп, кеңсеге келген соң пленканы лаборантқа береміз. Олар суретті фотоқағазға шығаратын. Үлкен үстелге іс-сапарда түсірілген барлық суретті қойып, қайсысын таңдайтынымызды талқылайтынбыз. Фото нашар түсірілсе, суреттер жарамай қалса тілшілер іс-сапарға қайта жіберілетін. 36 кадр пленкадан екі сурет сәтті болса сонің өзі ғана өтеді. Ал ешқайсысы жарамаса, қарыз боп фототілшінің мойнына жазылатын. Талап күшті еді», - деді ол.


Оның айтуынша, бұрын халықаралық агенттікке үш күн уақытта жолданатын суреттер қазір цифрлық фотокамера арқасында секунд ішінде кез келген жерге жіберіледі.

«Көбінесе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Премьер-министрдің, министрлердің қатысатын шаралар туралы жаздым. Әсіресе Президенттің алғашқы ұлықтау сәті, ұлы Абайдың 150 жылдығына Абай шыңын бағындырған сәті есте қалыпты. Сол сапарға тек екі журналист, 1 фотограф бардық. Біз альпинистермен бірге шыңға шыққан едік», - деп есіне алады ол.


Анатолий Васильевич ҚазТАГ-та қызмет еткен кездерін де ерекше ықыласпен еске алады. Тарихи маңызды шараларға куә болып, бел ортасында жүргенін мақтан тұтып, онда талай қызықты оқиғалардың да куәсі болғанын алға тартады.

«Фотографтарда көз ілеспес жылдамдық, реакция болуы керек. Мен бұл қасиетімді үстел теннисі арқылы дамыттым. Бір рет мынадай жағдай болған. Алматыда Президент резиденциясында ТМД елдерінің қорғаныс министрлері жиналыс өткізді. Сол кезде біздің бір мамандарға марапат беріп жатқан еді. Соны түсірем деп ұмтыла бергенде шеті қайырылған кілемге шалынып, құлап бара жатып, 1-2 кадр басып үлгердім. Бұнымды бәрі де, тіпті шетелден келген мәртебелі қонақтар да анық байқады. Жиын аяқтала сала, көршілес елдердің министрлерінің бірі маған арнайы бұрылып «біздің сарбаздар сіз сияқты атып үйренсе ғой» деп қалжыңдап күлген еді», - деп еске алды фотограф.


Анатолий Устиненко фотограф мамандығының қыр сырын ұстазы Иосиф Львович Будневичтен үйренгенін айтады.

«Менің ойымша, әлемдегі ең керемет мамандық - фотограф. Адамдар келер-кетер. Бірақ фото мәңгілік сақталады»,- деді Устиненко.


Соңғы жаңалықтар