Анасын іздеп астанаға кетіп қалған жасөспірім табылды

None
None
МАҚТАРАЛ. ҚазАқпарат - Мақтарал ауданында жоғалған жасөспірім табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандық полицияға жергілікті тұрғын арызданып келді. Оның айтуынша, 2 күн бұрын күндізгі сағат 11:00 шамасында кәмелет жасына толмаған 16 жасар ұлы үйден шығып кетіп, қайта оралмаған.

«Тәртіп сақшылары шұғыл іске кірісіп, іздестіру шараларын бастап кетті. Көрген-білгендерден сұрастырып, телефон арқылы баланың Нұр-Сұлтан қаласында екені анықталды. Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жасөспірім әкесіне аман-сау қайтарылды. Кейін анықталғандай, баланың ата-анасы бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткен. Жасөспірім Нұр-Сұлтанға анасын іздеп кетуі мүмкін деген күдіктен соң анасымен телефон арқылы сөйлескен тәртіп сақшылары баланың сол қалада екенін білді. Алайда, жоғалған жасөспірім анасына баратынын әкесіне ескертпеген» делінген хабарламада.

Аталған жайт бойынша жасөспірімнің әкесі аудандық полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, баласын аман-есен тауып бергені үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға баланы бақылауда ұстап, араласатын ортасын қадағалап, қараусыз қалдырмау жөнінде кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар