Анасы жалғыз қалдырған: БҚО-да сәби терезеден құлап кете жаздады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 5 жасар бала төртінші қабаттағы терезеден құлап кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 25 қараша күні Әбубәкір Кердері көшесі, 125 мекенжайында болды.

Шамамен сағат 13.00-де 102 телефонына төртінші қабатта ашық тұрған терезенің жақтауында баланың тұрғаны жөнінде хабар түскен.

Сол бойда осы маңда жүрген патрульдік полиция батальонының экипажы мен учаскелік инспектор жіберілді.

Полицейлер баланы шошытып алмас үшін жайлап есік арқылы сөйлескен. Сосын баланың терезеден түсіп, есікті ашуына қол жеткізген. Пәтерде одан басқа ешкім болмаған.

Қауіп сейілгеннен кейін полиция қызметкерлері баланың анасын іздеп тапты. 23 жастағы анасының сөзіне қарағанда, бала түске дейін мектепке дейінгі мекемеге барады, өзі жұмыста болған соң түсқайта үйде жалғыз қалады екен. Әйелмен түсінік жұмыстары жүргізілді.


Соңғы жаңалықтар