Анасы перзентханада көз жұмған шақалақтың жағдайы ауыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында елордадағы №1 перинаталдық орталықта маусым айында көз жұмған ананың баласының жағдайы туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыз бала. 2018 жылдың 20 маусымында дүниеге келген. Салмағы - 4500 грамм. Оттегілік ашығудың салдарынан туғалы бері баланың денсаулығы аса ауыр күйде қалып отыр. Бала жасанды өкпе желдеткіште 7 тәулік бойы жатты. Қазір өздігінен дем алуда. Ылғалды оттегіден қайта-қайта ингаляция алып жатыр. Баланың жай-күйінде оңалу динамикасы байқалғанымен, неврологиялық симптоматикаға байланысты ауыр күйде. Өздігімен дем алады», - деп хабарлайды баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.

12 шілде күнгі ақпарат бойынша, бала жансақтау бөлімінен жаңа туған балаларды күту бөліміне ауыстырылған. Баланың күтіміне туған-туыстары ерекше көңіл бөліп отыр.

Баланы бүгінге дейін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының, Балаларды оңалту орталығының мамандары, Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас мамандары тексерген. Баланың жай-күйі Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.

«Дәрігерлермен, неврологтармен және реабилитологтармен бірлесіп, оңалту шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күні баланың денсаулығы бірқалыпты», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Астанада №1 перинаталдық орталықта босанған екі әйел қайтыс болғаны туралы бұған дейін хабарланған болатын.

Дәрігерлердің айтуынша, 34 жастағы босанған бірінші әйел 21 маусымда таңғы сағат 5-те, ал екіншісі (31 жаста) 25 маусымда сағат 04-00-дер кезінде көз жұмған.

«Бірінші жағдайда келіншек баланы өзі босанды, ал екінші жағдайда кесарь тілігі жасалды. Екеуі де осыған дейін босанған әйелдер. Сонымен қатар олардың жүктілікке байланысты емес аурулары болған», - деді Сәуле Мұқышева.

Соңғы жаңалықтар