Анастасия Ирубаева: Арманым - мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға атсалысу

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өзге ұлт жастары арасында өткен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауында Ақмола облысы бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Қазақ тілінің қоғам өміріндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттардың бірі – өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту.

Онлайн өткен байқауға республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 21-35 жас аралығындағы өзге этнос жастары қатысты.

Алғашқы кезең алдын ала жіберілген қатысушылардың өзі туралы 3 минуттан аспайтын мемлекеттік тілдегі бейнематериалдан тұрса, келесі бөлігінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырыпта ой тербеді, соңғы кезеңде «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында эссе жазды.

Қазылар алқасының қызу талқылауынан кейін бәйгенің бас жүлдесін Ақмола облысы Целиноград ауданы Арайлы ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анастасия Ирубаева қанжығасына байлады.

«Сайыс өте жоғары деңгейде өтті, әр өңірден қатысқан үміткерлер ортаға бар күш-жігерін салды. Бүгінгі сайыста жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Болашақтағы арман-мақсатым ел болашағына қалтқысыз еңбек етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға өз үлесімді қосу» - деп бөлісті байқау жүлдегері.

Айта кетейік, Ақмола облысының өкілдері бұған дейін де бірнеше рет республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иеленді.


Соңғы жаңалықтар