Анастасия Галееваны өлтіргендер 15 және 6 жылға сотталуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында 22 жастағы бойжеткен Анастасия Галееваның өліміне күдіктілердің қандай жазаға тартылуы мүмкін екендігі айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот алдында 27 жастағы Евгений Степанов пен 25 жастағы Асхат Баржақсин жауап беріп жатыр.

Іле ауданының тұрғыны Е.Степанов бұрын көлік ұрлағаны үшін 1,5 жыл жазасын өтеп шыққан. Оған адам өлтірді деген айып тағылып отыр. Ал қылмысты жасырғаны үшін айыпталған А.Баржақсин бұрын сотталмаған.

Мемлекеттік айыптаушы жарыссөз кезінде оларды 15 және 6 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұрады.

«Евгений Степановты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлімі бойынша айыпты деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ал Асхат Баржақсин ҚР ҚК 432-бабы бойынша айыпты деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - деді прокурор Марат Қасымов.

Мемлекеттік айыптаушы оларды бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Е.Степанов өкінішін білдіргенмен адам өлтіргенін мойындамады.

Екеуі де марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

«Мен айыптымын. Оған көмектеспеуім керек еді. Материалдық шығынмен келісемін. Бірақ моральдық айыптаумен келіспеймін. Себебі мен адам өлтірген жоқпын», - деді Асхат Баржақсин.

Айта кету керек, 22 жастағы қыз ақпанның 9-нан 10-на қараған түні Алматы облысы Жаңа Қуат коттедж қалашығындағы құрбысының үйіне шаш үлгісін жасауға барып, содан үйіне оралмаған. Анастасия құрбысының үйінен түн ішінде сағат 23:30-да шыққан.

Оқыс оқиғадан соң қызды іздеу шараларына 50 ерікті, кинологтар, полиция қызметкерлері кірісті. 2 айдан соң полиция қыздың денесін Іле ауданындағы Междуречинск ауылына жақын арада каналдың шлюздерінің бірінен тапты.

Алдыңғы сот отырысында прокурор Марат Қасымов істің мән-жайын айтып берген болатын.


Соңғы жаңалықтар