Анар Жаилғанова елордадағы жаңа ХҚКО-ның жұмысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаиылғанова Нұр-Сұлтан қаласындағы екінші Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету бөлімінің (Мамандандырылған ХҚКО) жаңа ғимаратында болды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандандырылған ХҚКО-ның жаңа кеңсесі «Нұрлы Жол» жаңа теміржол вокзалының ғимаратында орналасқан.

Орталықтың жұмысымен танысу барысында Анар Жаилғанова халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің басты қағидаттары - бұл тұрғындарға кедергісіз, сапалы және жылдам қызмет көрсету екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жаңа мамандандырылған ХҚКО-ның жұмысы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусинге және Нұр-сұлтан қаласының әкімі А. Көлгіновке таныстырылды.

Халыққа қызмет көрсету орталығының бұл бөлімшесінің ашылуы азаматтар үшін бірқатар мемлекеттік қызметтерді жедел түрде алудағы қосымша алаң болады, бұл қызмет алу уақытын оңтайландыруда және сапаны едәуір арттыруда маңызды фактор болып табылады.

Мамандандырылған жаңа ХҚКО-да азаматтар енді өз автокөліктерін қайта тіркей алатынын және жүргізуші куәлігін ауыстыра алатындығын атап өту қажет.

Аталған бөлімде автокөлікті қайта тіркеу үшін 23 жұмыс үстелі, жүргізуші куәліктерін ауыстыру үшін 3 жұмыс орны жұмыс істей бастады, сондай-ақ жеңілдік қарастырылған арнайы терезелер ұйымдастырылды.

9 айда Нұр-сұлтан қаласының мамандандырылған ХҚКО- да көлік құралдарын тіркеу бойынша 158 мың, жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру бойынша 21 мың қызмет көрсетілді. Азаматтар ағынының 60% жаңа мамандандырылған ХҚКО-ға өтеді деп күтілуде. Алдағы уақытта бірінші мамандандырылған ХҚКО құжаттарды алғаш ресімдеуге келген азаматтарға қызмет көрсететін болады.

Келушілерге ыңғайлы болу үшін жаңа мамандандырылған ХҚКО-да коммерциялық банктердің кассалары, мультикассалар жұмыс істейді, келушілер үшін сондай-ақ, көптеген орындары бар ыңғайлы автотұрақтар қарастырылған (ақылы және тегін).

Осылайша, жаңа бөлімде екінші деңгейдегі банктердің 5 есеп айырысу-кассалық бөлімі орналасатын болады, кассалардың бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету үшін арнайы жабдықталған, сондай-ақ күту залы елдегі эпидемиологиялық жағдайды, әлеуметтік қашықтықты ескере отырып 150 орынға шақталған.

Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін мұнда 20 000 - нан астам, автокөлік құралдарын тіркеу/қайта тіркеу бойынша 17 000 - ға жуық, жүргізуші куәліктерін - 3 000-ға жуық қызмет көрсету жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар