+7 (701) 759 90 19
USD 425.77 EUR 494.28
RUB 5.95 CNY 66.14
Jańalyqtar

Анар Байтөкенова: Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы ауылдық округ аппаратының жоғарыға тәуелділігін азайтады

2021 жылғы 17 тамыз 20:44
Бөлісіңіз:
Анар Байтөкенова: Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы ауылдық округ аппаратының жоғарыға тәуелділігін азайтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы мемлекеттік қызметтің сапасын қаншалықты ұтымды ете алады? Оның әсерін ауылдағы қарапайым тұрғын қай жағынан сезінеді? Тұжырымдағы «бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру», «бюджетаралық саясатты қайта қарау» сияқты бастамалардың мәні неде? ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Байтөкеновамен осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітті.

- Анар Абдоллақызы, Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын дайындау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелгенін білеміз. Қазір бұл жұмыс қандай сатыда тұр?

- Жаңа тұжырымдама енді бекітілетін болады. Оны іске асыру үшін заңдар мен кодекстерге біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Негізгілерін атасақ, Сайлау туралы конституциялық заңға, Бюджет пен Салық кодекстеріне, Мемлекеттік мүлік, Құқықтық актілер, Қоғамдық кеңестер туралы және өзге де заңдарға өзгерістер енгізіледі.

Құжат жобасында көрсетілген негізгі өзекті өзгерістер Жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заңның жобасында көзделеді. Бұл заң келесі жылы қабылдануы керек. Оны дайындауға қазірден бастап кірісіп жатырмыз.

- Тұжырымдаманың жобасында IV деңгейдегі бюджеттің оңтайландырылатыны туралы айтылыпты. Осыны тарқатып түсіндіріңізші. Бюджеттік бағдарламаларды ірілендірудің ауылға қандай қатысы бар? Нақты бір бағдарлама негізінде түсіндіріп шыға аласыз ба?

- Ең алдымен, бюджеттік бағдарлама мен мемлекеттік бағдарлама арасын ажыратып алған жөн. Мемлекеттік бағдарлама дегеніміз «Халықты еңбекпен қамту» немесе «Ауыл ел бесігі» сияқты бүкіл Қазақстан бойынша іске асатын ірі бағдарламалар. Ал бюджеттік бағдарлама әрбір ауылдық округтің жоспарлы кезеңдегі белгілі бір шығыстарына жұмсалатын қаражат мөлшері көрсетілген бағдарлама. Бүгінде ауылдық округтерде бюджеттік бағдарламалардың 17 шығыс түрі қарастырылған.

- Тізіп атай кетсеңіз. Оқырмандар өздері тікелей сайлаған әкімнің қолында қандай шығындарға қаражат бөлу құзыреті бар екенін біліп жүрсін.

- Бюджет кодексінің 56-1-бабы бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінің шығыстары 17 тармақтан құралады. Олар:

1) жергілікті әкім аппаратының жұмыс істеуіне кететін шығындар;

2) шаруашылық бойынша есепке алуды жүзеге асыру;

3) азаматтық хал актілерінің жазбасы жөніндегі қызметті қамтамасыз ету;

4) шұғыл жағдайларда науқасы ауыр адамдарды дәрігерлік көмек көрсететін жақын жердегі денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыру;

5) мұқтаж азаматтарға үйде әлеуметтік көмек көрсету;

6) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мемлекеттік тұрғын үй қорының сақталуын ұйымдастыру;

7) елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету;

8) жерлеу орындарын күтіп-ұстау және туған-туысы жоқ адамдарды жерлеу;

9) елді мекендерде көшелерді жарықтандыру;

10) елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру;

11) жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмысын қолдау;

12) аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау;

13) елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру;

14) жергілікті деңгейде халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;

15) жергілікті деңгейде дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу;

16) мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ауылдық елді мекендерді жайластыруды шешуге арналған іс-шараларды іске асыру;

17) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетке трансферттер.

Яғни, жыл сайын ауылдық округ аппараты осы 17 шығыс түрі бойынша қаражатты жоспарлайды. Тұжырымдама жобасында осынша шығыс түрін 5 немесе 6 бағдарламаға жинақтап, ірілендіру көзделген. Мысалы, бюджеттік бағдарламада ақша үнемделіп, артық қаражат қалып жатса, оны басқа бюджеттік бағдарламаға бағыттау керек болады. Қазіргі тәртіп бойынша ол үшін аудандық маслихаттың сессиясында ұсыныс қолдау табуы керек. Ал тұжырымдама жобасындағы бюджеттік бағдарламаларды ірілендіру бастамасы осындай іс-әрекетті оңтайландыруға мүмкіндік береді. Яғни, кейбір мәселелер аудандық маслихаттың сессиясын күтпей тезірек уақытылы шешілетін болады.

- Тұжырымдама жобасы бойынша салықты орталықсызандыру көзделіп отыр. Бюджетаралық саясатты қайта қарау қажеттігі туралы да айтылған. Бұл бастамалардың халық өміріне әсері қандай болады? Ауылдан түсетін салықтың бәрін 100 пайыз өз иелігіне беру қарастырылып отыр ма? Салықтың нақты қай түрлері жергілікті ауылдарға берілуі мүмкін? Жалпы тұжырымдамада төртінші деңгейлі бюджетті толықтырудың қандай қосымша жолдары қарастырылған?

- Қазір жергілікті өзін-өзі басқарудың кірістері салық түсімдерінің алты түрінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдардан, коммуналдық мүліктен түсетін кірістерден және жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттерден қалыптасады.

IV деңгейдегі бюджетті енгізгеннен кейін тұрғындар төлейтін жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы және басқалары тікелей ауылдық округ бюджетінде қала бастады. Тиісінше азаматтар өз салықтарының қайда жұмсалғанын көруге мүмкіндік алды.

Алайда бұл салықтар ауылға қажетті қаражаттың 13-14 пайызын ғана қамтиды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын одан әрі кеңейту үшін 2022 жылы бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің мынадай түрлері қосылады:

-бірыңғай жер салығы;

-жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;

-жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер «;

-жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы берілетін болады. Бұл жерде ауылшаруашылық мақсаттағы телімдер туралы айтылып отырған жоқ.

2024 жылы мынадай салықтар мен төлемдерді беру жалғасады:

-су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы;

-жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;

-жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы.

Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу де көзделіп отыр.

Жалпыға бірдей декларация енгізілгеннен кейін жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне салық салынатын кірістерден жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты беру мәселесі қаралатын болады.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті коммуналдық меншіктен және көрсетілетін қызметтерді ұсынудан түсетін түсімдерден де қалыптасады.

- Құжатта ауылды жердегі коммуналдық нысандарды түгендеу тәртібі жеңілдейтіні айтылған. Қаражаты жоқ болса, ауыл әкімінің иелігіне коммуналдық мүлікті тіркеуге құлықты болмайтыны түсінікті. Сонда бұл шараның ауылдағы жағдайды жақсартуға қандай септігі тиюі мүмкін?

- Коммуналдық нысандарды түгендеу және тіркеу бұл ертең осы нысандарды дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету үшін қаражат бөлуге қажет. Яғни, ауылдың ішіндегі көше жолдарының құжаттары болмаса, ауылдық округ әкімі бұл жолды жөндеуге қаражат бөле алмайды. Өйткені, кез келген тексеруші орган құжаты жоқ нысанға қаражат бөлесіздер деп айыппұл салуы мүмкін. Су құбыры, жол сияқты ауыл өмірі үшін ең маңызды нысандарды тіркеп, балансқа алу керек. Бүгінде оның өзі үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан тұжырымдамада тіркеу жұмыстарын оңайлатылған түрде және аз шығынмен атқару көзделген.

- Жергілікті қауымдастықтың жиыны жергілікті өзін-өзі басқарудың басты органы болатыны айтылған тұжырымдамада. Бір қызығы осы басты органның аппараты болмайды екен. Кеңес мүшелері 3 жыл мерзімге ашық дауыс беру арқылы сайланбақшы. Органның аппараты болмаса, кеңес мүшелері айлық алмайды деген сөз бе? Олардың аппарат жұмыстарын жергілікті әкімдіктер тындырады делінген. Бұл кеңесті әкімдікке тәуелді ететін тетік емес пе?

- Жергілікті қоғамдастық жиыны бүгінгі күні заңнамада бар институт. Яғни, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңда бұл органның құзыреті нақты белгіленген. Біз жаңа тұжырымдамада осы органның құзіретін ары қарай дамытуды көздеп отырмыз. Ауылдық округте, мәслихатқа сай орган құрылатын болады. Ол «кеңес» деп аталады. Кеңестің мүшелерін халық тікелей сайлайды. Жергілікті қоғамдастық жиналысы дегеніміз, мысалы бір көшенің, ауылдың тұрғындарының жиналысын өткізу үшін ешқандай аппарат керек емес. Егер 2345 ауылдық округтегі жергілікті қоғамдастықтың жиналысының жұмысын қамтамасыз ететін аппараттар құру қыруар ақша қаражатын қажет етер еді. Оларға айлық төлейтін болсақ, ауылдық округте берілетін бюджеттің көбі жалақыға ғана кетеді. Сондықтан мемлекет қаражатын үнемдеу үшін кеңестің жұмысын атқаруға ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері көмек беретін болады.

- Бюджет бөлгізу мәселесіне жеке тоқталсақ. Сайланған кент, ауыл, ауылдық округ әкімі тек төртінші деңгейлі бюджетті ғана қалай игеретінін шеше ме? Ал ауданнан, облыс пен республикадан бөлінетін бюджеттің мәселесіне жергілікті кеңестер араласа ала ма? Олар аудан әкімінің, мәслихаттың шешіміне қалай әсер ете алады? Егер әсер ете алмайтын болса, бұл реформалар ауыл өмірін өзгертіп жібереді деп жар салу қаншалықты орынды?

- Сайланған ауыл округ әкімдері тек қана төртінші деңгейлі бюджетпен ғана жұмыс істейді. Оның игерілуіне ат салысады және осы төртінші деңгейлі бюджеттің қанша қаражат бөліну керектігін, қандай бағдарламаға жұмсалу қажеттігін Кеңеспен бірігіп шешетін болады.

Ал, жоғары тұрған бюджеттерді және ол бюджетте қанша қаражат қай бағдарламада бөліну керек екендігіне араласпайды.

-Сұхбатыңызға рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT