
«Анамды іздестіру жолында» қазақ-қырғыз жаңа комедиясының трейлері шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Анамды іздестіру жолында» атты қазақстандық-қырғызстандық жаңа фильмнің трейлері шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан дарынды ұл анасын іздеп-табу үшін Америкаға аттанады. Ол сапары барысында басынан түрлі оқиғалар өтеді. Фильмнің жанры - комедия және әлеуметтік драма. Басты рөлдерді Азамат Ұланов, Тәуекел Мүслім, Майкл Мапонго және басқалары сомдайды.
«Анамды іздестіру жолында» картинасын қырғыздың «Салам, Нью-Йорк» және «Биртууганчик» комедияларының авторлары түсірген. Режиссері - Руслан Акун, бас продюсері - Нұрбек Айбашов, сценарий авторлары - Бакыт Осмонканов, Жениш Майрамбек уулу.
Фильм 2017 жылдың 9 ақпаны күні Қазақстан мен Қырғызстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Әу-баста картинаны прокатқа 1 қаңтар күні шығару жоспарланған болатын. Бірақ Тәуекел Мүслімнің Инстаграмда жазуынша, фильмнің түсіріліміне аты аталмаған аса танымал тұлғалардың бірін тарту мүмкін болғандықтан, оның премьерасының датасы ауыстырылды.