«Анама қоңырау шалайыншы»: «Аяла» орталығындағы балалардың тілегі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде балалар үйі жабылып, «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы құрылды. Қазір мұнда 35 бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе елімізде алғашқы болып балалар үйін жапты. Қазір жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа берілген, патронаттық тәрбиеде. Ал балалар үйі мен балаларды бейімдеу орталығы бірігіп, «Аяла» орталығы ашылды. Мұндағы тәрбиеленушілер өзге балалар секілді орта мектепте оқиды, спорттық, мәдени үйірмелерге қатысады.

«Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында 35 бала бар. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді. «Алға» балалар үйі жабылып, ол жақтан 14 тәрбиеленуші келді. Ал орталықтағы балалардың 22-сі ата-ананың қамқорлығынсыз, 11 бала қадағалаусыз қалған, бір бала үйінен зорлық-зомбылық көрген, бір оқушы арнайы мектепке барады», - деді орталық директоры Өмірбек Текешов.

Орталықта тәрбиеші, психолог, әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Оқушылар Ақтөбе қалалық №72, 29 орта мектептерге барады, спорттық үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар, орталықта саусақ театры, құм терапиясы жұмыс істейді.

«Аяла» орталығындағы тәрбиеленушілер саны азайды деп айта алмаймын. Себебі, сағат 23:00-ден кейін көшеде, демалыс орындарында жүрген студенттерді осы жерге әкеліп, тіркейді. Сол студенттерді жеткізген кезде бала санының өсуі тіркеледі. Ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар саны тұрақты, өсім де, азаю да байқалмайды. Олардың көбінің ата-анасы бар. Бірақ балаларын көруге келе бермейді. Мәселен, бізде 2-сынып оқушысы бар. Анасы бала бағу құқығынан айырылып, оқушы әкесіне берілді. Әкесі өгей шешесімен тұрады, ішімдік ішпесе де қызына қарамай кеткен. Полиция әкесі табылмаған соң, баланы бізге әкелді. Кейін ол табылды. Орталыққа келіп жүреді. Біздің мақсатымыз, әке мен бала арасындағы байланысты қайта орнату», - деді директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Литвинова.

Егер ата-ананың қайта оралмайтыны, баласын қайтарып алмайтыны белгілі болса, мамандар жақсы отбасы іздейді. Өткен жылы барлығы 7 бала қорғаншылыққа берілсе, екеуі патронаттық тәрбиеді. Басым бөлігі жасы 14-ке толмаған баланы алады. Ересек балаларды асырап, бауырына басатындары аз.

«Қорғаншылыққа алған кезде бала мен екінші ата-анасы арасында келіспеушілік болады. Ол кезде мектеп пен қорғаншылық секторы, «Аяла» орталығының мамандары барып, екі тараппен кездеседі. Кейде туған баласы мен ата-анасы арасында да қиындық болады. Сондықтан мұндай пікір қайшылығы, ұрыс-керіс заңдылық деп білемін. Негізі кез келген бала анасының жанында болғысы келеді. Бала анасын ішімдік ішсе де жақсы көруін тоқтатпайды. «Анама қоңырау шалайыншы» деп жалынып, өтініш айтатындар бар. Олар тілдей қағазға телефон нөмірін жазып алып, хабарласады. Әр жағында анасы «келемін, алып кетемін» деп өтірік айтады. Себебі, олар келмейді, алып кетпейді. Мұндағы балалардың тағдыры ұқсас. Ата-анасы маскүнемдікке салынған, баласын қараусыз қалдырған, балаларын бағу құқығынан айырылған. Олардың жасы да әртүрлі», - деді Татьяна Литвинова.

Соңғы жаңалықтар