«Аналар үйі» 3 мыңнан астам жалғыз басты анаға пана болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 5 жылда 3 300 жалғызбасты ана уақытында әлеуметтік көмек алды. Олардың сәбилері балалар үйінің табалдырығын аттаудан аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл әлеуметтік жобаны қазақстандық бизнесмендер қолға алған болатын.

Қазір дағдарыс орталықтарында баласымен жалғыз қалып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған әйелдер пана тапқан.

«5 жылда бизнесмендердің бастамасы жаңа туған балалардың көпшілігінің өмірін арашалап қалды. Қазір елде 25 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Оларға 18 бизнесмен қол ұшын созып отыр. Бүгінде 233 әйел мен 1,5 жас шамасында 206 бала өмір сүріп жатыр. Олардың қатарында 32 жүкті әйел бар. Біздің қор мыңдаған әйелге көмек көрсетті. Олардың балалары балалар үйінің табалдырығын аттаған жоқ», - деді «Ана үйі» қоғамдық қорынан.

Айта кету керек, дағдарыс орталығына 30 жасқа жетпеген әйелдер де келе алады.

«Ана үйі 30 жасқа дейінгі жүкті келіншектерге, немесе 1,5 жастағы баласы бар аналарды қабылдайды. Олардың көпшілігі баласынан бас тартқысы келген. Ана үйінде олар 1 жылдай тегін ыстық тамақ, баспана, медициналық көмек алады», - деді қор өкілдері.

Тағдыр тәлкегімен осында түскен келіншектердің бірі - Шынар.

Келіншек бала кезінен өгей әкесімен, содан туған бауырларымен бірге өскен. Уақыт өте келе олардың арасында өзін қораш сезініп, жырақтау керектігін түсінеді.

«Мектеп бітірген соң дүкенге жұмысқа тұрдым. Сонда болашақ күйеуіммен таныстым. Аз күндік тату-тәтті өмірден соң күйеуім үйге келуді сиретті. Тіпті келмейтін болды. Менің сұрағыма жауап бермейтін. Арасында қол көтере бастады. Баламды құшақтап қайтадан шешеме бардым. Онда да өгей әкем мені сыйғызбай қойды. Басқа барар жер, басар тауым болмаған соң осында келдім. Осындай қолдаудан соң мен күш алдым. Өмір сүруіме үміт пайда болды», - деді келіншек.

Орталықта жалғызбасты аналар құжаттарын қалпына келтіру, жәрдемақы алу, алимент төлеу сияқты көмек ала алады.

«Барлық орталықтарда тігін шеберханасы, компьютерлік кластар ашылған. Ана үйінен шығарда жалғызбасты аналар жұмысқа орналастырылады. Өйткені, ол баласын ары қарай өзі асырауы керек», - деді қор өкілдері.

Қазіргі таңда осындай орталықтар Алматы, Семей, Өскемен, Актөбе, Атырау, Павлодар, Тараз, Талдықорған, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Астана, Ақтау, Шымкент, Орал, Жезқазған, Қызылорда, Арқалық, Көкшетау қалаларында ашылған.

Соңғы жаңалықтар