Ана тілім - ардағым: Шетелдегі қазақ балалары арасында өткен байқау мәресіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күніне орай «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өткізген «Ана тілім - ардағым» халықаралық байқауының нәтижесі белгілі болды. Бұл жөнінде қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Байқауға 2020 жылдың 1-20 ақпан аралығында шетелдегі (Моңғолия, Өзбекстан, Иран, Беларусь елдеріндегі) этникалық қазақ балаларынан (8-11 сынып оқушылары) барлығы 33 шығарма қабылданды.

Халықаралық байқауда бақ сынағандар арасында бірінші орын 11-сыныпта оқитын моңғолиялық Күнберді Бақбергенқызына бұйырды. Оның Абай туралы шығармасы үздік атанды. 2-орынға өзбекстандық Гүлбану Күмісбаева мен Моңғолияда тұратын 9-сынып оқушысы Арай Мұхарапқызы ие болды. 3-орын иегерлері үшеу - ирандық Наркес Ескелді, өзбекстандық Диана Абдумуминова және моңғолиялық Алима Сіләмханқызы.

Сондай-ақ, Саида Абдыкамалова (Өзбекстан), Жұлдыз Ерқуат (Моңғолия), Никита Гончаренок (Беларусь), Илья Гончаренок (Беларусь) және Назерке Селейманова ынталандыру сыйлығын жеңіп алды.

Еске сала кетейік, байқауға қатысатын талапкерлер «Отандастар» қорына ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына арнап өзінің ой-толғамын шағын шығарма етіп жазуы тиіс еді.

Байқау шарты бойынша І орын алған оқушы «Туған елге саяхат» туристік пойызына бір жолдама иеленеді. II орын алған оқушылар үшін - Бурабайдағы «Балдәурен» балалар лагеріне 2 жолдама, III орын алғандар үшін - НЗМ (НИШ) лагеріне 3 жолдама (Нұр-Сұлтан қаласы) қарастырылған.



Соңғы жаңалықтар