Ана сүті – бала денсаулығының негізі
2022 жылғы 17 тамыз 10:07

Ана сүті – бала денсаулығының негізі

Ана сүті сәбидің алғашқы 2 жыл өмірінде теңдесі жоқ тағам болып табылады. Ана сүті ғана сәбидің толыққанды физикалық өсуін, ақыл-ойының қалыптасуын, психологиялық дамуын қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ, оның құрамында баланың өсіп-дамуына қажетті қоректік заттар толық, үйлесімді қатынаста болады.

Анасының тамақтануы дұрыс болған жағдайда емшек сүтінің құрамындағы ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер мен минералдық заттектер нәрестенің қажеттілігіне қарай бейімделіп, жас мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. Ас қорыту ферменттерінің толық жетілмеуіне байланысты нәресте басқа тағам түрлерін әлі қорыта алмайды. Сондықтан, ана сүті қорыту, сіңіру, алмасу процесінің ерекшелігіне сай қажетті ферменттермен қамтамасыз етеді. Одан басқа, уыз бен ана сүті дүниеге келген баланың жаңа тіршілік жағдайларына тез бейімделуіне әсер етеді.

Босанғаннан кейінгі алғашқы 2-3 тәулікте әйелде уыз түзіледі. Уызға жарымаған бала деп кімді айтады? Тек қана жиі ауыратын, салмағы төмен балаларды ғана емес, сонымен қатар әлсіз, әлжуаз, өзіне сенімсіз балаларды да осылай айтып жатады. Оның өзіндік үлкен мәні және себебі бар. Уызбен сәбиді тойдырып емізу, дүниеге келген бойда анасының кеудесіне салу, оны еміреніп емізу – баланың болашағына, яғни денсаулығының мықты болуына, анасымен арасындағы психологиялық-эмоционалдық байланыстың қалыптасуына, шымыр, еркін өсуіне оңтайлы ықпал етеді. Шақалақтың алғашқы иммунизациясы уызды емуден басталады, ол құрамындағы белсенді антиденелердің және басқа да пайдалы заттардың есебінен жүзеге асырады. Уызды тойып емген балалар ембеген немесе аз емген балаларға қарағанда сирек, жеңіл түрде ауырады.

Ана сүтінің құрамы бактерияларға, жұқпалы ауруларға қарсы, иммундық, жасушалық, ферменттік қорғаушы факторлар кешенін құрайды және көптеген аурулардан сақтайды. Мысалы, тек ана сүтімен қоректенетін сәбилер қоспалармен тамақтанатын балаларға қарағанда диареямен 3-4 есе, пневмониямен 17 есе, созылмалы бронхитпен 2 есе, рахит және анемиямен бірнеше есе аз ауырады. Ана сүтін емген сәбилер семіздікке, диабетке, гиперхолестеринемияға, асқазан-ішек жолдарының ауруларына, қатерлі ісіктерге, құлақтың, тістің, қызыл иектің қабынуына және респираторлы-вирустық ауруларға сирек шалдығады. Емшекті ұзақ емген балаларда психомоторлық, әлеуметтік, эмоционалдық даму әлдеқайда жақсы жүреді.

Қорыта келе, сәби үшін ана сүті – мың бір дертке дауа және денсаулығының негізгі кепілі екенін болашақ аналар ұмытпағаны жөн.

М. Қайнарбаева


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT