Ән дүлдүлі Ғарифоллаға арналған республикалық байқау мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда атақты әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған мерекелік шаралар мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығы Орал қаласында басталған, екі күнге созылған өнер мейрамы ән дүлдүлінің туған жері - Қаратөбе ауданында жалғасты.

Оралда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Қазақстан өңірлерінен келген Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттері мен басқа да әншілер «Ән - ұрпаққа аманат» атты фестивалінде өз өнерлерін көрсетті.

Қаратөбе ауылында өткен ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» атты дәстүрлі әншілер байқауына еліміз өңірлерінен барлығы 22 үміткер қатысып, бақ сынады.

Сайыскерлер бірінші кезеңде Ғарифолланың және Мұхиттың жоғары диапазонды туындыларының бірін, оған қоса әр қатысушы өз аймағының әнін орындауға тиісті болды. Осыдан сүрінбей өткен 12 әнші екінші кезеңге жолдама алды.

null

Байқау қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдана Қаржаубаева бас жүлдені жеңіп алды. Атыраулық Берік Амантаев бірінші, БҚО-ның Ақжайық ауданынан Данияр Елеуов пен ақтаулық Нұрым Асқанов екінші, ақтөбелік Әділет Күзембаев, сырымдық Армат Алдамжаров, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев үшінші орынға ие болды.

Бейбіт Қажығалиев, Тілек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұлдыз Сүндетқалиева, Әзімхан Баймағамбетов байқаудың дипломаты атанды.

null

Қазылар алқасының төрағасы, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосын сонау Түркістаннан келіп, ұстазына арналған өнер мерекесіне қатысып, сайысқа төрелік еткеніне риза екендігін жеткізді.

«Біз дәстүрлі әндерді Ғарекеңнен алып қалсақ, алдағы уақытта да осыны жалғастыратын жастар бар екендігіне тағы бір куә болдық. Ұлтымыз барда Ғарекеңдей ұлы әншінің мұрасы өлмек емес, қайта жаңғыра түсетін болады», - деді Қ.Бекбосын.

Гала-концертте байқау жеңімпаз-жүлдегерлерімен қатар Ғ.Құрманғалиевтің шәкірттері Қажыбек Бекбосын, Хайдар Өтеғалиев, Қапаш Құлышева сахнаға шығып, көрермендерді бір желпінтіп тастады. Ал Атыраудан келген Гүлмайдан Сүндетова Ғарекеңе арналған «Ағаны аңсау» атты өз әнін орындап берді.

null

Республикалық додаға қатысып, жүлде алған Данияр Елеуовтің Ғарифолланың өзі ұстаған домбырамен ән шырқауы да есте қалды.

null

Соңғы жаңалықтар