АН-2 апаты: Нұр-Сұлтан дәрігерлері экипаж мүшелерінің өмірі үшін күресуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәрігерлер Ақмола облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағының екі экипаж мүшесінің жанын аман алып қалу үшін күресіп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы стационарды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Желеухан Пірімқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"20 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласынан 60 шақырым жерде, Родина елді мекенінің жанында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ экипажының екі мүшесі елорда ауруханаларына жедел жәрдем көліктерімен жеткізілді. Бірінші науқас 1990 жылғы, өте ауыр жарақатпен - "бас миының ашық жарақаты, бас сүйегінің басыңқы сынуы және бас миының шайқалуы" диагнозымен Нұр-Сұлтан қаласының Орталық темір жол ауруханасына жеткізілді. Қазір науқас жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Аурухананың барлық дәрігері науқастың өмірі үшін күресуде. Науқас шоктан шыққан жағдайда бас миының басыңқы сынығына ота жасалады. Ота бүгін жасалып қалуы мүмкін", - деді ол.

Оның атап өтуінше, 1992 жылы дүниеге келген екінші науқас та жедел жәрдем көлігімен Нұр-Сұлтан қалалық Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілді.

"Науқасқа «жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы және бас-ми сүйегінің жарақаты» диагнозы қойылған. Бұл науқастың жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Ғылыми-зерттеу институтының барлық дәрігерлері науқастың жанын аман алып қалу үшін күресуде. Дәл осы сәтте бұл науқасқа ота жасаудың қажеті жоқ", - деді Ж.Пірімқұлов.

Еске сала кетейік, бүгін Ақмола облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады.

Салдарынан ұшқыш көз жұмып, экипаждың екі мүшесі түрлі жарақатпен аурханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар