Әміржан Қосанов: Тарихқа қатысты толғау бүгін мен болашақ туралы әңгімеге ұласпаса – тұл

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі саясаткер Әміржан Қосанов Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, мақалада айтылған кешенді ойларды бір ғана салаға теліп қою әбестік, бұл процеске барша жұрт, күллі қоғам ат салысуы керек.

Әміржан Қосановтың пікірінше, кез келген ұлт өркениеттік даму көшінен қалып қоймауы үшін тұғырлы, стратегиялық тұрпаттағы рухани мәселелерді тасада қалдырмауы тиіс.

«Біздің бүгінгі болмыстың бір парадоксы бар: әлеуметтік-экономикалық проблемалар ерекше ушығып тұрған кезде таза гуманитарлық, рухани мәселелерді өзектендіру біртүрлі орынсыз, ретсіз секілді көрінеді. Биліктің рухани саласындағы кейбір бастамаларына қоғамның бір бөлігінің тарапынан сондай скепсис бар екендігі рас. Бірақ мұндай, тарихи тұрғыдан алғанда тоғышарлық көзқарас - қателіктің қателігі! Өйткені кез келген ұлт, халық өркениеттік даму көшінен қалып қоймауы үшін тұғырлы, стратегиялық тұрпаттағы рухани мәселелерді тасада қалдырмауы тиіс. Экономикалық қиындықтар уақытша сипатқа ие әрі заман ауанына қарай мың құбылып тұрады. Ал жалпыұлттық рухани мүдделер мен мақсаттар - тұрақты әрі мәңгі. Осы тұрғыдан алғанда Президент мақаласының ойып алар өз орны бар», - деді Әміржан Қосанов.

Сарапшы кез келген ел болашаққа бағдар алмас бұрын өткен тарихын ұлықтауы тиіс екендігін алға тартады. Ал Елбасының мақаласы осы орайдағы қазақ тарихының жаңа толғауы болып отыр.

«Ұлттың түп-тамыры туралы сөздің екі түрлі маңызы бар. Біріншіден, тарихты білу тек қана жеңістер мен жетістіктермен ғана мақтану емес, ол - өткен жолдың тар жол, тайғақ тұстарынан, қателіктері мен трагедияларынан тиісті тағылым алу. Екіншіден, қол жеткен жетістіктерді айта отырып, бүгінгі күн мен болашаққа нақты жоспар құру. Бір сөзбен айтқанда, тарих туралы толғау бүгінгі күн және болашақ туралы әңгімеге ұласпаса - тұл боп қалмақ», - деді Ә.Қосанов.

Оның айтуынша, мақала мейлінше нақтыланған, онда айтылған идеяларды тікелей жүзеге асырудың механизмдері мен тәсілдеріне дейін тәптіштеп жазылған. Ендігі міндет - осы ойларды қатып-семіп қалған догма ретінде қабылдамай, оларды шығармашылық тұрғыдан тереңдетіп, дамыту және даурықпашылық пен дабырашылдыққа салынбай, жүзеге асыру.

«Әрине, бұл тұрғыдан алғанда, тарихшылар, басқа да гуманитарлық салалар мамандарына артар жүк ауырлай түсері хақ. Бірақ, меніңше, мақалада айтылған кешенді ойларды бір ғана салаға теліп қою әбестік болар: бұл процеске, бұл қозғалысқа барша жұрт, күллі қоғам атсалысуы керек деп ойлаймын. Бәлкім, нақ осы тұста әртүрлі саяси көзқарасы мен ұстанымы бар топтар мен тұлғалар ортақ мақсат - ұлттық, мемлекеттік мүдде төңірегінде ұйысуы да қажет болар. Сонымен бірге, осы секілді маңызды, тұғырнамалық сипаты бар гуманитарлық бастамалар қарапайым халықты толғандырып жүрген басқа да көкейкесті мәселелерден - күнделікті тұрмыс мәселелерінен, елдің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық-саяси дамуының түйткілді тұстарынан тыс қарастырылмауы тиіс. Кешенді көзқарас, балама пікірлер де ескерілер болса, Президенттің бұл идеясы мейлінше өміршең болмақ», - деп қорытындылады саясаткер.

Соңғы жаңалықтар