Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр. Бүгін сонымен қатар, Талдықорғанда Әміржан Қосановты қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғандағы Мәдениет сарайында өткен іс-шараға 30-ға жуық адам: соның ішінде белсенділер мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ облыстың ақсақалдар кеңесі, ардагерлер мен студенттер қатысты. Үміткердің сенімді өкілдері Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасын таныстырып, құжатта көрсетілген негізгі бағыттарды айқындады.

Облыстық сайлау штабының бастығы Жүкел Хамай кандидаттың сайлауалды тұғырламасын таныстырып, «Ұлттық дәстүрлерді дамыту және дәстүрлі құндылықтарды сақтау» тақырыбында сөз сөйледі.

Ал Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен бірге бүгін Солтүстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауылына келді. Штаб өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.

Халықпен кездесуде Әміржан Қосанов өз сайлауалды платформасының негізгі бағыттарын атап өтіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Іс-шара барысында ауыл тұрғындары, ақсақалдар сөз сөйлеп, өз көзқарастарымен бөлісті. Бірқатар мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.

Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездескен болатын.

Ал, ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жариялады.

Сонымен қатар, кеше «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Одан бөлек, ҚР Президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов та өзінің сайлауалды тұғырнамасын жария етті.

Кандидаттардың бірқатары қазірдің өзінде біршама қызу жұмыстарды жүргізіп жатыр. Жер-жерде Президенттікке үміткерлер халықпен кездесіп, дауыс жинау үшін үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті. Дания Еспаева Азат Перуашев бастаған Республикалық штаб өкілдерімен бірге «Жібек жолы» базарына барды. Кәсіпкерлер Д. Еспаеваға және партия жетекшілеріне Қазақстандағы шағын және орта бизнестің мәселелері жөнінде сөз қозғады. Өз кезегінде үміткер сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары мен міндеттері туралы баяндады.

Соңғы жаңалықтар