Әмірхан Рақымжанов: Елбасы саясатының сабақтастығы сақталғанда еліміз сапалы даму кезеңіне шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп жазған еді. Алдына ұлы мақсаттарды тек ұлы халық қана қоя алады. Елдің тағдырын өз қолымызға толық алған қазіргі кезеңде атқарылар істеріміз қандай болмақ? Осы орайда арнаулы тілшіміз Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжановпен сұхбаттасқан еді.

- Әмірхан Мұратбекұлы, 2019 жыл да аяқталуға жақын. Бұл жылдың Сіз үшін басты жаңалығы не болды?

- Осы жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік саясатта да жаңғырық туғызған маңызды Үндеуін жариялады. Елбасымыздың өз өкілеттігін тоқтату туралы тағдырлы шешімі – әлемдік тарихтың күнпарағына озық саяси мәдениеттің, нағыз патриотизм мен терең кемеңгерліктің жарқын үлгісі ретінде жазылары сөзсіз. Тоғыз айдың жүзі болса да қазақстандықтардың әрқайсысы осы тарихи шешімді өздеріне тікелей қатысты аса маңызды оқиға ретінде қабылдап, шынайы ризашылық сезімдерін білдіруде. Биылғы жылдың басты жаңалығы – осы. Елбасына деген отандастарымыздың білдіріп жатқан ақжарма тілектерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осынау тарихи шешімнің маңыздылығы жыл өткен сайын кеңейе берері анық. Бұл Елбасымыздың болашақ саясаткерлерге көрсеткен, ерекше жауапкершілікті талап ететін сындарлы саяси шешімінің үлгісі деп ойлаймын.

Осы арада, Елбасымыз өз өкілеттілігін тоқтатып қана қоймай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жеткен жетістіктерді әрі қарай жалғастыратын сабақтастықтың да негізін қалады. Ол елімізде болып жатқан процесстердің барлығымен жан-жақты хабардар, барлық жағдайды білетін білікті де тәжірибелі мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан қосу міндетін жалғастыратын тұлға ретінде ұсынды. Осы жылғы 9 маусым күні өткен сайлауда Қазақстан халқы Қ.К.Тоқаевты президент етіп сайлады. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламаларында да, Қазақстан халқына арналған Жолдауында да Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың сапалы кезеңіне шығаратынын атаған болатын.

Сайып келгенде, Елбасымыздың сарабдал саясатымен тәуелсіздік жылдары егемен еліміздің саяси басқару жүйесі мен сабақтастық дәстүрі берік қалыптасты. Осы бағыттан ауытқымай одан әрі даму – тек қана Мемлекет басшысының ғана емес барша қазақстандықтардың алдында тұрған маңызды міндет.

Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаев та еліміздің алдында тұрған міндеттерді жүзеге асырудан тыс қалмайды. Жоғарыда атап өткен Үндеуінде Елбасымыз Қазақстан халқына «... өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», - деген болатын. Елбасының осы сөздерінің нормативтік-құқықтық негізі бар екенін де атап өткім келеді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес Тұңғыш Президентке, оның бірегей тарихи миссиясына орай, Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қарастырылуға тиіс бастамалар жолдауға, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге, Қауіпсіздік Кеңесті және Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруға, Конституциялық кеңес құрамына енуге өмірлік құқық берілген. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі ең ірі саяси күш – «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып табылады.

Осыдан түйер ой, Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындап берген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру одан әрі жалғасатын болады.

- Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев қазақстандықтардың бірлігі – Қазақстанның ілгері дамуының басты мызғымас кепілі екендігін көрсетті. Осы орайда өз еліңе пайдалы болып қана қоймай, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – баршамыздың, әсіресе келешек иелері жастарымыздың жауапкершілігі мен борышы. Жастар жылы ғана емес – жастарымызға ұдайы қамқорлықтың Елбасы бекіткен принциптеріне тоқталып өтсеңіз?

- Тәуелсіз мемлекет құрудағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиясының ерекшелігі ол азаттықтың алғашқы күнінен бастап елдегі экономикалық күрделі жағдайға қарамастан жастарды қолдау саясатына баса назар аударды.

Елбасы осыдан жеті жыл бұрын «Қазақстан – 2050» стратегиясын жариялағанда жастарға үндеу жасаған болатын. Ол Үндеуде «Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым. «Болашақ» бағдарламасын құрдым. Мемлекет сіздерге алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер...», - деді.

Биылғы жыл – еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиғалардан басталғанын жақсы білесіздер. Елімізде 2019 жылдың Жастар жылы болып жариялануы Елбасымыздың жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде жастардың көкейінде жүрген барлық мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын Үкімет пен өңір әкімдеріне тапсырма ретінде қадап айтып берді.

Қазақстан халқы бүгінгі жетістіктеріне, ең алдымен, қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізді. Сондықтан, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасының жолын жалғастыру – жастардың парызы. Осыны Елбасымыздың осы жылдың 19 наурызындағы тарихи үндеуінде жастарға арналған мына сөздері дәлелдей түседі: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір. Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер». Елбасымыздың осы сөздерін әрбір жас ешқашан ұмытпауы тиіс деп есептеймін.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаяны – Тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Дүниежүзілік тарих пен қоғамдық даму институттары үшін де жер көлемі бойынша әлемнің тоғызыншы елін ұзақ жылдар басқарған «Президент Назарбаев моделі» аса маңызды екендігі анық. Бұл бағытта Елбасы кітапханасының атқарып отырған қызметтері туралы айтып өтсеңіз.

- Елбасы кітапханасының басты міндеттерінің бірі – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының жасампаз идеяларын ілгерілету, сондай-ақ қазақстандық жастардың бойына отансүйгіштікті ұялату, олардың еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне азаматтық қатысуын арттыру. Осы мақсатта 2015 жылдан бастап сол кезде ҚР Президенті Кеңсесінің Бастығы лауазымымен қатар Елбасы кітапханасының директоры міндетін де атқарған белгілі саясаттанушы ғалым Махмұт Қасымбековтің ұсынысымен жүйелі түрде әлеуметтік-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанның барлық өңірінен келген үздік студенттер мен оқушылар, сондай-ақ педагогтар мен мемлекеттік қызметкерлер семинар-тренингтер аясында апта сайын оқытудан өтеді. Елбасы кітапханасының дәстүрлі екі күндік семинар-тренингінің бағдарламасы Қазақстанның ұлттық тарихы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірі, қызметі мен саясаты, қазақстандық мемлекеттіліктің қазіргі және келешектегі даму мәселелерінің өзектілігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген ұлттық құндылықтар мен рухани жаңғыртуға арналған арнайы жобаларды түсіндіру мәселелерін қамтиды. Семинар-тренинг тақырыптары жыл сайын өзгеріп тұрады: 2015 жылғы қазан мен 2016 жыл аралығында – «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспары», 2017 жылы – «Қазақстандық жол: Мәңгілік ел», 2018 жылы – «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», 2019 жылы – «Болашаққа жол өзіңнен басталады».

Дәрістерді елімізге белгілі ғалымдар, ғылым докторлары мен профессорлар өткізеді. Тәжірибе сабақтарына Елбасы кітапханасының экспозиция-көрме аумағында орналасқан интерактивтік үстелдер пайдаланылады. Осы арада, еліміздің түкпір-түкіпірінен келген жас семинар тыңдаушылары дәріс барысында Елбасымыздың 1997-2004 жылдары алғашқы Резиденциясы, қазіргі Елбасы кітапханасының музейімен танысатынын атап өткім келеді. Аталған музейде Нұрсұлтан Әбішұлының қызмет жасаған бөлмелері, маңызды жиындарды өткізген, еліміз үшін тағдырлы шешімдер қабылданған залдар сол күйінде сақталған. Осы ғимараттағы Елбасының қызмет жолынан, мемлекетіміздің дамуынан сыр шертетін жәдігерлерді оқушылар мен студенттердің өз көзімен көріп, қолымен ұстап көруі – оларға тәуелсіздігімізді баянды етудің оңай болмағандығын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар семинардан алған білімдерін, оң әсерлерін мекенжайларына оралғаннан кейін ата-аналарына, туыстарына, құрдастарына жеткізері сөзсіз.

Семинар бағдарламасына теориядан басқа миға шабуыл, пікірталас, кіші тобындағы жұмыс, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми-білім беру орталығындағы тәжірибелік сабақтар, форсайт-зерттеулерінің элементтері, сонымен қатар қатысушылардың жобалық қызметтеріне қолдау көрсету енгізілген.

Біздің семинарларымыз – мемлекеттің бағдарламалық құжаттарын жаттау емес. Екі күндік шараларымыз Тұңғыш Президенттің Жолдаулары мен стратегиялық мақалаларының негізгі қағидаларын түсіндіруді көздейді. Студенттер, ұстаздар, мемлекет қызметкерлері мен әскери қызметкерлер Елбасының әрбір тезисінде өмірлік негіз бар екенін ұғынады. Біз тыңдаушыларды талдауға үйретеміз. Оның нәтижесін семинар қорытындысында таныстырылатын жобалық жұмыстардан көреміз. Осылайша алдыңғы және кейінгі буын еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне өз ортақтастығын сезінеді.

Соңғы 4 жыл аралығында Елбасы кітапханасында 160-қа жуық семинар ұйымдастырылып, оған қатысушылардың саны 8 мыңнан асты.

Бұл құрғақ сандар болғанымен, егер тереңірек пайымдайтын болсақ, әрбір санның артында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жан-жақты түсінген және өздері тұратын елді мекеніне, мектебіне, университетіне, жалпы айтқанда туған ортасына маңызды құжатты түсінген жас ұрпақ, шәкірттеріне түсіндіре алатын білікті ұстаздар тұр деп толық айта аламыз.

Оның бір дәлелі – оқу курсын тыңдаушылар мен ғылыми-педагогикалық қоғамдастықтың жоғары бағасы болса, екінші бір дәлелі – еліміздің түкпір-түкпірінен семинар-тренингке қатысуға жаңа өтінімдердің түсуі. Сонымен қатар, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерден сыртқы семинарлар өткізу туралы шақырулардың да келуі. Бұл Елбасы кітапханасының қоғамға аса маңызды міндет атқарып жүргенін білдіретін маңызды индикатор.

Сонымен қатар, Елбасы кітапханасы 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Базарқұлұлы Қасымбековтің идеясымен дүниеге келген «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы шешуші рөлін өңір тұрғындарына жан-жақты көрсету.

Бүгінгі күнге дейін аталған ауқымды шара Алматы мен Шымкент қалаларында, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарында сәтті өтті. Жоба аясындағы іс-шараларға 900 мыңға жуық адам қатысты.

- Қазақстанның дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы - өркениетті 30 елдің қатарына қосылуы Тұңғыш Президет – Елбасымыз мақсат еткен Ел мұраты! Осы орайда Отанымыздың ертеңгі ережесіне қажетті қағидаларды халыққа жеткізуде Сіздердің тараптан қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Елбасы кітапханасы шетелдік президенттер орталықтарымен, қорларымен, кітапханаларымен, зерттеу орталықтарымен, ғылыми институттармен және мәдени орталықтармен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, бұқаралық ақпарат құралдарында (оның ішінде әлеуметтік желілерде) Елбасының саяси бастамаларының мәнмәтініндегі саяси, экономикалық және қоғамдық дамудың көкейтесті мәселелері бойынша сараптамалық шолуды, сұхбатты, баяндамалар мен жарияланымдарды ұйымдастырады.

Биылғы жылы Елбасы кітапханасы делегациясы Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) іссапармен болды. Жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация екіжақты серіктестікті дамыту мақсатында Гейдар Әлиев Қорының атқарушы директоры А.Алакбаровпен, Әзербайжан Әлеуметтік зерттеулер орталығының басқарма төрағасы, Милли Маджилис депутаты З.Орудж және басқалармен кездесті, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. 2020 жылы Баку қласында маңызды іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар.

Өткен жылы, Қазақстан елордасының 20 жылдығына орай мемлекет қайраткері, саясаттанушы ғалым, Махмұт Қасымбековтің әзербайжан тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітабының таныстырылымы Баку қаласында өтті. Гейдар Әлиев орталығы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы және Халықаралық түркі академиясы арасындағы ынтымақтастықтың арқасында шығарылған туындының тұсаукесер рәсімінің Әзербайжанның жетекші ғылыми және мәдени-білім беру орталықтарының бірі – Гейдар Әлиев орталығында өтуінің де символдық мәні бар.

Сондай-ақ, 2018 жылғы мамырда Әзербайжан ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 95-жылдығына орай қазақ тіліне аударылған әзербайжан халқының ұлы перзенті туралы жазылған «Еліне жол ашқан» кітабының да тұсаукесері ел жүрегі Нұр-Сұлтанда орналасқан Назарбаев орталығында жоғары деңгейде өтті.

Сонымен қатар, осы жылдың күзінде Токиода (Жапония) «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» атты Елбасы кітапханасының көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Жапония делегациясының Қазақстанға, оның ішінде Елбасы кітапханасына сапары аясында Гои бейбітшілік Қорының (The Goi Peace Foundation) президенті Х.Сайонджимен, «Сока Гаккай Интернэшнл» (Soka Gakkai International) ұйымының, Токио Ұлттық музейінің басшылығымен, Хонда Қорының президенті Хирото Ишидамен кездесулер өтті.

Елбасы кітапханасы өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында биылдың өзінде бірқатар ірі ғылыми конференцияларды («Нұрсұлтан Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады»; «Идеядан нақтылыққа: ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасына 25 жыл», «Кемеңгерліктің 30 жылы», «Елбасының тарихи миссиясы: Жаһанданған әлемдегі қауіпсіздік және тұрақтылық») және Жастар жылына, президенттік институтқа және саясаттанудың заманауи мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдерді өткізді. Олардың қорытындысы бойынша 14 ғылыми басылым дайындалды, олардың арасында ұжымдық монографиялар, конференциялар материалының жинақтары, материалдар мен құжаттар жинақтары, альбомдар, ақпараттық-анықтамалық басылымдар және басқалары бар.

Биыл бір мыңнан астам тыңдаушы үшін 21 оқыту семинары өткізілді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы әзірленген «Library-practicum» ғылыми-практикалық семинары – көшпелі семинардың жаңа форматы ретінде мақұлданды. Мұндай семинарлар Қызылорда, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарының мемлекеттік қызметкерлері үшін жүргізілді. Биыл алғаш рет елордалық үш мектептің 30 сыныбында «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» және «Астаналар - мемлекеттіліктің нышаны» тақырыптарында еріктілер сағаты ұйымдастырылып, өткізілді. Елбасы кітапханасының Интерактивті білім беру орталығында 2 аттестациялық музейлік сабақ және «Туған жер» жобасы аясында 3 сабақ өтті.

Бүгінде Елбасы кітапханасының кітап қоры 33 мыңнан астам сақтау бірлігін құрайды. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жазған туындылар мен оған әр жылдары тарту етілген кітаптар. Елбасымыз өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап сирек кездесетін көне кітаптарды жинаған. Сондай-ақ, кітап қорында әлем саясаткерлерінің естелік қолтаңбасы бар кітаптарды кездестіруге болады. Олардың арасында Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Ли Куан Ю және басқа да лидерлердің қолтаңбасы бар кітаптар бар. Оқырмандар электрондық каталогтың көмегімен Елбасы кітапханасындағы кітап қорымен таныса алады.

Өзіңізге белгілі, Елбасы кітапханасы екі ғимаратта орналасқан: Назарбаев орталығы және жоғарыда атап өткен еліміздің елордасын Алматыдан Астанаға ауыстырғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 1997–2004 жылдар аралығында қызмет еткен алғашқы Резиденциясы, қазіргі Елбасы кітапханасының музейі. Аталған екі ғимаратта Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін айшықтайтын бірегей жәдігерлер ұсынылған. Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі – жоғарыда аталған жәдігерлерді отандастарымыз мен шетелден келген қонақтарға жан-жақты таныстыру. Осы арқылы Қазақстанды әлемге паш ету. Биылғы 9 айда Елбасы кітапханасының экспозициялары мен қор жинақтарымен 300 мыңнан астам адам танысқан. Жалпы есеппен өткізілген 10 мыңға жуық экскурсияның жартысынан астамы қазақ тілінде болса, қалғаны орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілген. 70% келуші ұйымдасқан экскурсиялық топтың құрамында жүрсе, қалғаны келуші экскурсия маманының көмегіне жүгінбей-ақ, жәдігерлермен өздігінен танысқан. Экскурсия қатысушыларының жартысынан көбін орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының студенттері құрайды. Ал, келушілердің 15% – шетелдік туристер. Шетелдік туристердің негізгі бөлігін Ресей және Қытай елінің азаматтары құрайды. Сонымен қатар, музейді Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Америкасының азаматтары, Африка елдерінен (Зимбабве, Эфиопия, Мысыр, Оңтүстік Африка Республикасы, Алжир және т.б.) келген қонақтар тамашалады.

Сонымен қатар, «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме экспозицияларымен 400 мыңнан астам адам (Қызылорда облысында – 160 мыңнан астам, Жамбыл облысында – 182 мыңнан астам) танысты. 7 мыңнан астам адамды қамтыған 50-ден астам көшпелі экскурсия өтті.

Қазіргі уақытта 2020 жылға арналған жоспарларымыз пысықталуда. Жоғарыда аталған Елбасы кітапханасының іс-шаралары Ресейде, Әзербайжан, Қырғызстанда және Қазақстанның бірқатар өңірлерінде (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары) жалғасады деп күтілуде.

- Әңгімеңізге рахмет!

Автор Махат Садық


Соңғы жаңалықтар