Әміренің қысқа да, жарқын ғұмырын көрсететін фильмнің тұсауы кесілді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада БАҚ өкілдері «Әміре» фильмінің тұсаукесер көрсетілімін тамашалады. Туындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясы бірлесе түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кинотуынды қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай  қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Сондай-ақ, фильмде Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Жорж Гершвинмен достығы да көрініс тапқан. Фильмде 1925 жылы әншінің Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes аясындағы дүниежүзілік музыка конкурсына қатысуы, КСРО делегациясы қатарындағы өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденуі және күміс медаль жеңіп алу баяндалады.
 null null

null  

Фильмнің тұсаукесер рәсімінен кейінгі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарихи тұлғалар жайында түсірілген «Әміре» секілді фильмдер шетелдік көрерменнің елімізге деген қызығушылығын арттыратындын баса айтты.
null 

«Бүгін назарларыңызға еліміздің дара әншісі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді ұсындық. Фильмде Қашаубаевтың 1925 жылы Париждедегі қайталанбас жеңісі туралы сөз етіледі. Сондай-ақ, Әміре Қашаубаев туралы елге белгісіз деректер де фильмде көрініс тапқан. Әміре бірінші боп Еуропада қазақ әнін әуелеткен әнші. Оның тұлғасы қазақ өнері және жалпы қазақ үшін аса маңызды. Өсіп келе жатқан жас өрендер ол туралы білулері қажет. Үкімет және министрлік тарапынан осындай еліміздің асыл ұл-қыздарын бүгінгі ұрпаққа танытуда үлкен еңбек атқарылып жатқанын айтқым келеді», - деді министр.
null 

Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов өз замандастарына Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергісі келгендігін атап өтті.

«Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенем», - деді Әлидар Өтемұратов.
null 

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта «Әміре» фильмі әлемдік прокатқа шығатындығын, бірқатар шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілген. Сондай-ақ, фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілген.  
null null 

Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және тағы да басқа әндері орындалды. Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған австралиялық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен. Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық прокатқа 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап шығады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Әміре» фильмінің қазақ тіліндегі трейлері шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар