«Әміреден» Төреғали сияқты той әншісін жасамаймын - продюсер Жан Мұқанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде 1 орын алған Ернар Садырбаев Астанада баспасөз мәлихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әншінің продюсері Жан Мұқановтың айтуынша, жақында Ернар Садырбаев ресейлік телеарнаның жаңа шоуына қатысуы мүмкін.

«Бізге ресейлік телеарналардан ұсыныстар түсіп жатыр. Атап айтқанда, «Россия» телеарнасында жаңа шоу ашылады. Ұйымдастырушылар Ернарды сарапшы болуға шақырды. Бірақ, сарапшы болудың қызық емес екенін кесіп айттым. 23 жастағы баладан қандай сарапшы шығады? Одан да шоудың өзіне қатыстырайық деп ұсыныс білдірдім», - деді продюсер Жан Мұқанов.

Сондай-ақ, продюсер әншінің болашақтағы образы жөнінде баяндады.

«Алдағы уақытта Ернардың қазақстандық әртістерге ұқсамайтын ерекше жаңа стилін қалыптастырамыз. Төреғали секілді той әншісін жасамаймын (Бұған дейін Жан Мұқанов Төреғали Төреәліге продюсерлік еткен - ред.). Форматы да, образы да мүлдем басқа болады. Бүгін таңертең қоңырау түсіп, Ернарды үйлену тойында өнер көрсетуге шақырды. Бірден бас тарттық. Қазір бұл маңызды емес. Шынында да, қазақстандық әртіс тойларда ғана жақсы табыс табады. Ал біз концерттен қаражат табуға тырысамыз», - деп өз сөзін түйіндеді продюсер.

Айта кетейік, «Әміре» (Ернар Садырбаев) Беларусьте өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде жүлделі 1 орынды жеңіп алды. 2015 жылы бұл байқауда қазақстандық Димаш Құдайберген бас жүлдені иеленген болатын.

Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» шырқады. Екінші күні оркестрдың сүйемелдеуімен Раян Поустың «Подбери музыку» және Рокопера Моцарттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындады.

Бұған дейін әншінің продюсері Жан Мұқанов байқауда болған қызықты оқиғаларды айтып берген болатын.

Фото: weproject.kz

Соңғы жаңалықтар