Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр қайраткері - Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, атаулы дата ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы артисінің атына арнап, ЮНЕСКО көлемінде тойлау, еске алу шаралары өтеді. Әмина Ерқожақызы 1949 жылдан өмірінің соңына (2006 жылы 26 қыркүйек)  дейін, жарты ғасырдан астам Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы талғампаз бейнелері арқылы, Халық қалаулысына, Ел ардағына айналған, Ұлттық өнерімізде есімі ел есінде жатталған - Әмина Өмірзақованың туғанына 2019 жылдың 8 наурызында 100 жыл толады», - делінген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі таратқан хабарламада.

Айта кетсек, Әмина Өмірзақова 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында өмірге келген. 1938 жылы Ленинград қаласындағы Театр институтын бітіріп, өнердегі алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық драма театрына жолдамамен қызметке келуден бастаған.

Ә. Өмірзақова қазақ театр сахнасында 68 жыл бойы қызмет етті. Ол сол уақыт ішінде 150-дей рөлдерді сомдады. Оның кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Ол түскен 20 шақты кинофильм қазақ жұртына кеңінен таныс. Театр мен кино өнерінің танымал тұлғасы - Әмина Ерқожақызы әр жылдары «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі», «Қазақ ССР-інің халық артисі» құрметті атақтарын, «Қазақ ССР Жоғарғы советінің құрмет грамотасымен», «Еңбек ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» марапатарын иеленген.

Соңғы жаңалықтар