Американың Хью Гласы мен қазақтың Қабылбегі: Табиғат сынағындағы тағдырлар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Голливуд актеры Леонардо Ди Каприоның «Жансебіл» («The Revenant - Выживший) вестернін көрген боларсыз. Америкалық аңшы Хью Гласты сомдаған Ди Каприо дәл осы фильм арқылы көптен күткен «Оскарына» қол жеткізген болатын. «Оскарды» алса алғандай, құла түзде жалғыз қалған пенденің тауқыметі «Жансебілде» көрерменнің жан-дүниесін толқытып, киносыншылардың жоғары бағасын алғаны бар-тын.

Ал енді бұл мақалада Хью Гластай қайсарлық танытып, аяғы үсіген күйде тауда бір апта жатып аман қалған - Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай өңірінің тумасы Қабылбек Күндебаев туралы әңгімелеп бермекпіз. Аңғарсақ, Алтайдағы Қабылбек пен Америкадағы Хью Гластың өмірі мен өрлігі үндес секілді...

Алдымен Хью Гласс жайлы...

Табиғат пен жан-жануарлар әлеміне қамқорлығымен жаһанға танымал актер Леонардо Ди Каприо «Жансебілде» 1800 жылдардың басында өмір сүрген аңшы әрі маунтинмен Хью Гластың рөлін сомдайды. Фильмдегідей, шынайы өмірде де Хью аң аулап жүрген кезінде аюмен арпалысып, ауыр жарақат алады. Хьюдың көпке бармайтынын болжаған аңшылар тобы оны өз келісімдері бойынша Джон Фиджерал мен Джим Брижер атты екі аңшымен түз далада қалдырады. Үндістер қуып келе жатқандықтан, аңшылар тобына аялдау - айқын қауіппен бетпе-бет келумен тең еді.

Джон мен Джим уақыты келгенде көз жұмған Хьюды көміп, аңшылар тобының ізімен кетуі керек-тін. Алайда, арада бірер күн өтсе де өмір мен өлім арасындағы Хью тірі жатады. Ақыры арикар үндістерінің қуып жетуінен қорыққан Джон мен Джим Хьюдың бәкісіне дейін қалдырмай алып, қашып кетеді. Міне, аңызға айналған америкалықтың асқан төзімділік танытатын кезі де осы шақ: ен далада ес жиған Хью 320 шақырымды жартылай еңбектеп басып өтіп, аман қалады. Хьюдың аюмен арпалысуын, үндістермен соғысуын, түз даладағы машақатын - актер Леонардо Ди Каприо мен режиссер Алехандро Г. Иньярритудың тандемі керемет көрсете білген.

Қабылбекті Оралхан іздеп барған

...Ал осыдан отыз жеті жыл бұрын жазушы Оралхан Бөкей өзінің туған ауылы Шыңғыстайда «Сайтан көпір» повесінің соңғы сөйлеміне нүкте қойған екен. Көзбен емес, көкірекпен көре білсек, туынды бір ғана адамның тағдырымен тұтас жүйенің олқылығына үкім айтып тұрғандай. Тәуекел деп тас жұтқан Аспанның жападан-жалғыз Тарбағатай қыстағына бір үйір жылқыны айдап әкетіп, «Сайтан көпірге» арып-ашып жеткенде қар көшкініне тап болуы - оқыған оқырманның ойында сайрап тұрған болар. Осы повестегі Аспанның прототипі - Қабылбек Күндебаев болатын.

Бүгінде Қабылбек Күндебаевтың қызы Гүлбатша Күндебаева Өскемен қаласында тұрады. Айтуынша, әкесі 1926 жылы дүниеге келген. 1957 жылдың желтоқсанында ауыл басқарушысы Қабылбекті шақырып алып, жылқыны қыстаққа айдауға бұйрық береді. Сол жылы Алтайға қар қалың түсіп, жылқыға берер шөп қоры жиналмай, Қамбар ата тұқымын тебінге жіберу мүмкін болмай қалған. Ауыл басқарушысы 3-4 жігітке «жылқыны айдаңдар» дегенімен, «Сайтан көпір» арқылы өтуге ешкімнің батылы бармаса керек. Ақыры, тумысынан қайсар Қабылбек тәуекел деп тас жұтып, жылқыны тауға жалғыз айдап әкетуге бел буады.

null
Қабылбек Күндебаевтың қызы Гүлбатша Күндебаева

«Әкем жылқы айдап келе жатып, осыдан тура 1957 жылдың 15 желтоқсанында қар көшкінінің астында қалған. Алапат көшкін түскенде айдап бара жатқан жылқының біреуі де аман қалмапты. Сайдағы қар аралас Қаба өзеніне күмп берген әкемді үш айрық судың ортаңғысы ағызып әкеткен. Кейін жағаға әзер шыққанын есіне алып отыратын. Суға малтығып, самырсынның түбінде қозғала алмай, сынған аяғына мұз қатқан әкем шешесі салып берген екі-үш малтаны талғажау етіп, қыстыгүні самырсынның түбінде бір апта бойы жатыпты. Тек жетінші күні көзі қарауытып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан жерінен іздеуге шыққандар әкемді тауып алған», - дейді Гүлбатша Күндебаева.

Жеті күн бойы Қабылбек отырған самырсынның түбі оймақтай боп ойылып еріп кеткен екен. Тауып алғандар оны аңшылардың үйіне әкеп, қармен ысқылап, мұз боп қатқан пиманы тіліп, шеше алмай қойыпты. Қабылбекті әкеле жатқандарға кездейсоқ аңшы орыс кездесіп қалып, «бірден ауылға апарыңдар» деп кеңес берген. Осылайша, оны жедел жәрдеммен аудан орталығына әкеледі. Жілік майына дейін үсіп кеткендіктен, дәрігерлердің аяқты кесуден басқа амалы қалмапты. Үш ай бойы ауруханада жатып, екі аяқтан айырылған ол тағдыр сынынан сынып кетпей, тіршілігін жалғастырады.

«Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» әңгімесін жазар алдында әкеммен кездескен шағы әлі күнге дейін есімде. Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің «Бозторғай» кітабының дүниеге келуіне әкемнің басынан өткен жағдай себеп болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Дәрігерлер әкемнің жас кезінде қолының күшінің мығымдығына таң қалып, орынсыз жұмсамауды ескерткен. Адамдарды ұруға болмайтыны жөнінде анықтамасы да бар еді. «Мен бұл өмірде де, о дүниеде де жүрмін» дейтін тірісінде. Екі аяғының жерге көмілгенін айтып жүргені ғой. Бір аяғына протез мүлде келмей қалды», - дейді қызы.

Атамыз өте қарулы кісі еді

Қабылбек Күндебаевтың жиені Алмас болса, әлі күнге дейін «Сайтан көпір» асуын ауылдың кісілері нағашы атасының атымен атайтынын айтады. Құймақұлақ бала кішкене кезінен нағашы атасынан Батырлар жырын тыңдап өсіпті.

null
Қабылбек Күндебаевтың жиені Алмас

«Атам жатқан самырсынның түбіне қасқыр да келген. Атам бәкісін алып шығып, қасқая күтіп, қасқырлардың түні бойы ұлығанын естіп жатыпты. Қолы мен бетін қармен ыса бергендіктен, үсімей аман қалған. Атамның денсаулығы мықты болған деседі жұрт. Жайлауда жас кезінде бәстесіп, екі тегене сары майды қотара жұтып, май денені қыздырған кезде байыз таппай, түнде су ішінде ұйықтайды екен. Бірде жас кезінде бригаданың қызба жігіттері атамның інісін сабап кетіпті. Мұны көрген ол ашуға басып, бригададағы он шақты жігітті өзі жалғыз баудай түсірген екен. Келген милиционер «жалғыз кісі осынша адамды сабап тастауға шамасы жетпейді» деп сенбей, атамды бөлімшеге әкетпей қойыпты», - деп еске алады Алмас.

Қабылбек асауға бір рет қана шалма салып, ұстап алатынын ел тамсана айтып отырады. Күрескенде де жауырыны жер иіскемеген қайратты кісі болған.

«Ол өтірік айтпайтын да, өтірік айтқан адамды жақтырмайтын. Көшкіннен аман қалғаннан кейін 34 жыл өмір сүрді. Турашыл әрі еңбекқор еді. «Еңбек еткеннен ешкім өліп қалған жоқ» дейтін бізге. Көршілердің барлығының баласы әскерден келгенде үйіне бармай, ең алдымен атамызға келіп сәлем беретін. Көпшілдігі ғой, ауыл жастарын үйір еткен», - дейді жиені.

Өмірі киноға да арқау болған

Алмастың сыныптас досы Дидар Оралбекұлы да Қабылбек Күндебаев жайлы естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, кеңес заманындағы мектептерде сабақ арасындағы ұзақ қоңырауда балалардың барлығы улап-шулап Алмастың үйіне келеді екен.

null
Алмастың сыныптас досы Дидар Оралбекұлы

«Балалар шулап бара қалғанда Қабылбек ата есік алдында, томардың үстінде, таяғын сүйеп қойып, бәріне күліп қарап отыратын. Әңгімешіл Қабылбек атаға қайран қалатыным: көк биесін ерттеп, өз денесін өзі көтеріп алып, атқа мініп алатын. Сойталдай жігіттер шалғыға сүйеніп қалған кезде екі аяғы жоқ Қабылбек ата шөпті сусылдата шабатын еді. Одан кейін таң қалғаным, балқарағай жинау науқанында Қабылбек ата балқарағайды істігімен аршып алатын. Ол кісі өзі сондай мінезі салмақты, қолы ісмер адам еді», - дейді Дидар Оралбекұлы.

null
Қабылбек Күндебаев құдасы Құсайынмен

Қабылбек Күндебаев туралы Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы «Айқай» кинотуындысын түсіріпті. Танымал актер Ыдырыс Ноғайбаев Қабылбек Күндебаевтың рөлін сомдаған. Фильм Катонқарағайдың өзінде түсірілгенімен, оқиғаның Алатай асуында болғанын жергілікті жұрттың бәрі біледі. Қабылбек ата көшкінге ұшыраған асуда ұшқан құстың дауысы, ат тұяғының дыбысы жаңғырып тұрады екен. Тіпті ол жерде адамның мысын басып тұратын жұмбақ сыр бар деседі...

Соңғы жаңалықтар