Американдық ғалымдар қазақ онкология қызметін жоғары бағалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Питтсбург университеті Медициналық орталығы (UPMC) мен Назарбаев Университетінің арнайы делегациясы болды.

13 шетелдік ғалым 2 күн бойы Қазақстандағы онкология қызметін және институт жұмысын бақылап, отандық онкология қызметінің құрылымы, қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау бағдарламалары және тіркеуге қою жүйесімен танысты. Қонақтар скрининг бағдарламалары бойынша да өзге қалалық емханаларда болып қайтты.

Сапар соңында АҚШ-тан келген делегацияны ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Александр Цой қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде алдағы уақытта екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнап, біріккен жобалар іске асырылатындығы белгілі болды.

UPMC АҚШ-тағы Денсаулық сақтау саласындағы үздік әрі коммерциялық емес ұйым. Бұл ұйым әлемдік медициналық мекемелер мен орталықтардың басын біріктірген. Штатында 60 000 қызметкері бар. Жалпы 20 аурухана қызметін орталықтандырып отыр. UPMC науқастар күтімін жақсарту мен тиімділігін арттыру үшін жаңа жүйелерді ойлап табумен айналысады.

Айта кету керек, американдық ұйым Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру жобасы бойынша Назарбаев Университетінің стратегиялық әріптесі саналады. 2017 жылға жоспарланған жоба ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Жолдауы негізінде жүзеге аспақ.

«Жалпы UPMC делегациясы еліміздің бас онкологы, Онкология және радиология ҚазҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиевке және бірқатар онколог-мамандарға алғыс білдіріп, отандық онкологияның бүгінгі деңгейін жоғары бағалады. Біздің қызметіміздегі оң өзгерістерді атап айтты. Одан бөлек, шетелдік және отандық мамандар екі елдің онкология саласындағы айырмашылықтарын да сөз етті. Жиын соңында болашақтағы әріптестік мәселесі де күн тәртібінде қаралды», - дейді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының стратегиялық мәселелер бойынша орынбасары Дәулет Байпейісов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Қазақстанда 150 436 адам онкоаурулар бойынша есепте тұр. 2013 жылы бұл көрсеткіш 146 404 болған еді. Қатерлі дертке шалдыққандар санының көбеюі обырды алғашқы сатысында анықтау мүмкіндігінің артуымен тікелей байланысты. Жыл сайын қатерлі ісіктен 17000 мың адам көз жұмады. Өлім-жітім бойынша онкологиялық аурулар екінші орында тұр.

Соңғы жаңалықтар