Америкалықтардың уақытты үнемдеп, бағалауын үйренуіміз керек - «Болашақ» стипендиаты

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айсұлу Шайкенова «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен білімін ұштаған. АҚШ-тағы Нью-Йорк киноакадемиясында 8 айлық тағылымдамадан өткен ұстаз бүгінде көрген-білгенін студенттеріне үйретіп жүр. Үнемі ізденіс үстінде болып, еңбегінің жемісін көріп жатқан білікті маманды ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- Айсұлу Жақсылыққызы, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз, журналистика саласына қалай келдіңіз, бұл шешімді қабылдауға не түрткі болды?

- Көкшетау елінің тумасымын, Зеренді ауданы Ортағаш деген ауылда апайымның бауырында өстім. Сол жерде 6-сыныпқа дейін білім алып, кейін отбасылық жағдайға байланысты қалаға қоныс аудардық. Бірақ, қалада қазақ мектебі болмағандықтан, қазақ мектеп-интернатында тұрып оқыдым. Мұғалім мамандығын таңдауыма менің ұстазым әсер етті. Зүбайра Сәдуақасқызы орыс тілінен сабақ берген еді. Аса қамқорлықпен, мейірімділікпен мені баулыды, білгенін үйретті. Жақсы көрген адамыңа ұқсап бағуға тырысатының ертеден белгілі ғой. Сол кісінің қасында жүріп, 7-8 сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаларға қатысатындай деңгейге жеттім.

Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік университетіне орыс тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі бойынша түстім. Ол кезде диктантты 5-ке, сауатты жазсам да, орысшам шалағайлау еді, қиын болды. Емтихандарды қазақша тапсырдым. Коммерциялық бөлім жоқ. Бір орынға 20-25 шақты абитуриент, оның өзі кілең мықтылар. Сондықтан, әрине қазақ тілінде ғана сөйлеп жүрген маған орыс тобының ортасына түсу қиын болды. Сол жерде оқып жүргенде Темірғали Оразғалиұлы Есенбеков деген ұстазымның тілді жоғары деңгейде меңгеруіме көп көмегі тиді. Ұстазым қазір Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеп жатыр. Ол кісі менің бір рухани әкем сияқты, үнемі хабарласып тұрамын.

Жалпы, жанымнан үнемі жақсы адамдар табылды. Үлкендер қорғап-қорғаштап жүрді. Бірінші сыныпқа барғанда, үлкендердің айтуынша, мен күнде бес алуым керек деген әдетім болған екен, сондықтан кетпей отырған мені бір күні еден жуатын әйел үйге дейін апарып тастапты.

Қай салада жұмыс істеме, міндетті түрде нәтижең болуы керек. Ал, мен өмірде кәсіпкерлікті де игеруге тырыстым, бір кездері тіпті, «Үздік кәсіпкер әйел» деген «Дамудан» марапаттау қағазын да алған едім.

Ұстаздық жолым университетіміздің қазақ тілі кафедрасынан басталды, 10 жылдай студенттермен жұмыс істедім. Жергілікті телеарналардың біріне шақыру алып, диктор қызметін атқардым. Бұл менің журналистика саласымен жете танысуыма мүмкіндік берді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін, өмірмен біте қайнасып жататын ерекше мамандық. Кейін сол кездегі университет ректоры Серік Мәуленұлы қарамағында ғалым-хатшы болып қызмет атқарып жүргенде, журналистика кафедрасы ашылатынын естіп, мен еш ойланбастан меңгерушілікке өз кандидатурамды ұсындым. Ректор қолдады, оған журналистикадағы азын-аулақ тәжірибем де себеп болған шығар.

Жаңа қызметте бірқатар қиындық болды. Өйткені, бұл мамандықтан айтарлықтай хабарым жоқ еді. Сондықтан, журналистика саласын меңгеруді өзіме бір мақсат етіп қойдым. Көп оқыдым, жетекші мамандардың түрлі тренингтеріне қатыстым. Кейін медиасауаттылыққа байланысты оқу құралын жазуға грант жеңіп алуым, осы саланы зерттеп, саралауыма өте көп пайдасын тигізді. Қазір облыстарға шығып ұсынысқа байланысты тренингтер өткізіп жүрмін. Одан кейін де жобаларға қатысып, гранттар жеңіп алдым. Мұның берері көп, адам соның нәтижесінде ізденеді, білім деңгейін көтереді. Қазір дата-журналистикамен айналысып, медиа-этиканы да қолға алдым.

- Сіз, қателеспесем, медиа және цифрлық медиасауаттылық бойынша грантты жеңіп алып, АҚШ-та оқып келдіңіз. Қай университетте білім алдыңыз?

-Дұрыс айтасыз, былтыр шетелде журналист мамандығымен байланысты 8 айлық тағылымдамадан өттім. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы есіңізде болар. Сонда 500 ғалымға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өтуге грант бөлу тапсырылған болатын. Сол мүмкіндік маған да бұйырды. Ғылыми-педагогикалық бағытта қызмет етіп жүрген БАҚ өкілінің бірі ретінде «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, сынақтан сүрінбей өтіп, стипендиат атандым. Іріктеу талабы өте жоғары болды. Бірінші кезекте қазақ тілінен тест тапсырдым. Одан әрі «Болашақ» бағдарламасының бірнеше кезеңнен тұратын сынақтарына қатыстым. Кезең-кезеңмен ұйымдастырылған сынға бар күш-жігерімді салып дайындалғаным рас. Өйткені, 2015 жылы Нидерланд мемлекетінде тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» бағдарламасына қатысқаным бар. Емтихандарды барлық кезеңдерінен жақсы өткенмен, соңғы сарапшылардың шешімімен тізімге ілікпей қалдым. Бірақ, «бір есік жабылса, екіншісі ашылады» деген бар ғой, сол сәтсіздік өзім үшін қайырлы болғанын осы жолы түсіндім. Ол Америка еліне бұйырған тағылымдама еді.

Бұл жолы да білікті сарапшылардан құралған комиссияның сұрақтары әрқилы болды. Неліктен «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуға бел будың деп басталып, не үшін Американы таңдадың дегенмен аяқталады. Сұрақтарға жауап берген кезде өзіңе сенімді болуың керек. Бұл сынақта атап айтатын жетісітктерім де аз емес еді, әсіресе осы соңғы сынаққа үш күн қалғанда «Үздік педагог 2021» атты ІІІ халықаралық педагогикалық байқаудың «Үздік сабақ жоспары» номинациясының гран-при иегері атануым туралы хабар уақытымен жетті. Осылайша, бақтың шабатын да кездері болады екен.

Сонымен, шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес, мен таңдалған 196 адамның арасынан өз аты-жөнімді оқыдым. Қуанышымда шек болған жоқ, алға қойған мақсатымның бірі орындалды. «Болашақтың» арқасында дәм тартып Америкаға аттандым. Біз білім алған «Нью-Йорк фильм академиясының» бас ғимараты Нью-Йорк қаласының «жүрегі» Манхэттен ауданында орналасқан екен. Академия 1992 жылы «Оскар» сыйлығының иегері, танымал кино, театр және телевизия продюсері Джерри Шерлоктың ұйытқы болуымен актерлік шеберлік және кино мектебі ретінде жеке коммерциялық жоғары оқу орны болып ашылған. Онда фильм түсіру, сценарий жазу, кинематография, монтаж, документалды фильм, продюсерлік, 3D анимация және визуалды эффект, фотография, теле-радио журналистика, ойын дизайны сияқты мамандықтар оқытылады. Біз Broadcast Journalism, яғни теле-радио журналистика бойынша білім алдық. Мақсатымыз – қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрену болды. Монтаждың қыр-сырын меңгеріп, өзіміз түсірген фильмдерімізді өзіміз монтаждауға машықтандық. NYFA-ны бітірген танымал қазақ қыз-жігіттері бүгінде абыройлы еңбек етіп жүр. Мәселен, кинорежиссер, мобилограф Қыран Талапбек, режиссер, продюсер, сценарист Асқар Бейсембин, кинорежиссер, сценарист Фархат Шәріпов, режиссер, клипмейкер Айсұлтан Сейітов, актрисалар Әсел Сағатова мен Әлия Әнуарбек және т.б. бар.

- Біз деп отырғаныңыз, «Болашақ» бағдарламасы бойынша таңдалған журналистер болар. Олардың кім екендігін айтып өтсеңіз.

- Шынымды айсам, шетелге сапардан бөлек, еліміздің белді журналистерімен, осы саланың майталмандарымен танысудың да мүмкіндігі туды. Бұл жолы Нью-Йорк фильм академиясына Қазақстаннан сегіз оқытушы бардық. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінен белгілі журналист, ф.ғ.к. Жаңылхан Асылбекова, PhD докторы Айкерім Әлімжанова, аға оқытушылар Нұрлайым Данаева, Дәурен Мұхамеджанов, Л. Гумилев атындағы Еуразия универсиетінен PhD доктор Эльмира Ибраева, аға оқытушы Анель Шалқарбек, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан Мәдина Бакеева. Шетелде бір үйдің баласындай бірге жүрдік. Тобымызда Сауд Арабиясынан, Грекия және Ресейден келген студенттер де болды. Жобалық жұмыстар белгіленіп, әрқайсымыз өз идеямызды жетілдіріп, шығармашылықпен жұмыс істедік.

- Америкалықтардың білім мен білік арттыру талаптары көңіліңізден шықты ма?

-Бізде теория жағына көп көңіл бөлу қалыптасып қалғаны рас, оларда тәжірибелік талаптар басты назарда. Техникалық базасына қарап тамсануға болады. Әр студент қалаған уақытында түсірілімге қажетті бейнекамераларды, жарық құралдарын ала алады. Бір үлкен зал толы жабдық. Тапсырма жанры бойынша нысанды таңдай аласың. Аудиториядан тыс түсірілім алаңдарында сабақ өтуге мүмкіндік бар. Мысалы, телеарналардың архив базасында тарихи видеолар мәтіндеріне талдау жүргіздік. The New York Times газетінің редакциясында репортаж дайындадық. Жалпы, жобалық тапсырмаларды уақытынан кешіктірмей, талаптарға сай жүйеге жүктеп отыру керек. Сондай-ақ, жобаны қабылдау уақытында барлық пән оқытушылары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қатысады. Барлығы өз ойын айтады, мәдениеттілігіне сай қатты сын айтпай, жетілдіру жолдарын ұсынады, одан бөлек қателіктермен жұмыс күні бар. Дедлайн, дисциплина, тайм-менеджментке қатты бағынады. Әр профессордың өз ассистенті бар. Олар ұйымдастыру, қосымша түсіндіру, әр студентке жеке көңіл бөлумен айналысады. Сабақта жасап үлгермеген жобаларды кітапхана базасындағы компьютерлік сыныптарда жалғастыруға мүмкіндік бар. Ол сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Сабақтан тыс шеберлік сағаттары да өткізіледі. Шаралардың көбі онлайн болды. Америкалықтардың уақытты үнемдеу, бағалауға аса мән беретіндігін байқадым. Бәрі жұмысбасты, келісілген уақытта кешікпей келеді, артық уақытын сізге арнамайды. Тәртіп, талап, келісім, тапсырманың орындалуы. Үйренгің келсе, бағынасың.

- Іс-сапарыңызда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Шетелге кетуіңізге отбасыңыз қалай қарады?

- Қиындықсыз болмасы анық. Әр сапардың, әр істің өз қиындығы, ауыртпалығы бар. Бұл шешімге саналы түрде, ойланып келгеннен кейін, көнесің. Есесіне әр қиындықтың артында жақсы нәтиже болмақ. Нью-Йоркке келген бойда бір апта уақыттық-климаттық бейімделуді бастан өткердік. Осы аралықта Академия бізге онлайн түрде АҚШ-та жүріп-тұру ережелерінен бастап, оқу орны жайлы, оның тарихы, бірегей оқыту жүйесі, ішкі талап-ережелері жайлы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Америка – адамдардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған ел екендігі белгілі. Адамдардың бір-біріне жылы қарым-қатынасы бізді таңқалдырғаны рас. Туристер өте көп, соған қарамастан Нью-Йорк тұрғындары әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрады.

Нью-Йорк киноакадемиясында PBC, ABC, CBS, Discovery, HBO телеарналарында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан, телерадио журналистикасы факультетінің құрметті төрағасы, АҚШ-та телевизия саласының үздіктеріне берілетін «Эмми» халықаралық сыйлығының иегері, деректі фильмдер режиссері, продюсер, сценарист Билл Енрейнхоферден дәріс алуымыз шәкірт ретінде жолымыздың болғаны деп санаймын. Ал, 89 жастағы ғалым, деректі фильмдер продюсері, сценарист Роберт Ферарро өз кәсібіңді шынайы жақсы көрсең, тәжірибеңмен бөлісуге мүмкіндігің болатынының дәлеліндей. Сөзі түзу, салмақты, әр ақпаратты терең оймен жеткізуі, басынан өткерген тәжірибесін өзі қызмет атқарған мекемеге апарып таныстыруы – біз үшін пайдалы болды әрі өз ісінің маманы болған құрметті тұлға ретінде есте қалды.

Жалпы, естелік болып қалған сәттер өте көп... БҰҰ-ның кеңсесінде болып, «Семей полигонының жабылғанына 30 жыл» толуына ашылған көрмені тамашаладық, Нью-Йорктегі Қазақстан консулдығының бас елшілігімен кездестік, музейлер, саябақтардың алуан түрі, қаланың қайталанбас сәулеті мен ерекшелігі, кез келген ортаның тұнып тұрған шежіресі –өмірімізге ұмытылмас әсер қалдырды.

Отбасым шетелде білім алып келуіме еш қарсылық білдірген жоқ. Ең алдымен, жұбайым жаңалықты қуана қабылдады. Ел көріп, жер көріп келетініме қуанды. Мен өзім шетелде жүріп отбасымды, балаларымды, немере-жиендерімді сағынғаным табиғи құбылыс қой, бірақ сегіз ай сегіз аптадай өте шықты.

- Бұл тәжірибе сізге не берді? Алған біліміңіздің қазіргі жұмысыңызда пайдасы бар ма?

-Бір жыл ішінде бізге телевизиялық жаңалықтар жасаудың тәсілдерін бастапқы процесінен бастап, соңғы сатысына дейін үйретті. Қазіргі заманда телевизия маманы әмбебап болуы қажеттігін әрбір дәріс сайын ұқтық. Талаптың жас-кәріге, ұл-қызға қарамайтынын мойындадық. Бойымыздағы жауапкершілік, ұқыптылықты еселей отырып, тапсырмаларды мұқият орындадық. Мысалы, бейнекамераны корпустан алып шығып, түсірілім жасайтын жерге барып құрастырып, оны бабына келтіріп түсіру. Түсірілім аяқталған соң, уақытында әкеліп тапсыру. Жарық шамдарын да дәл солай құрастырып-жинау процестерін әрқайсымызға жеке-жеке үйретті. Жаңалықтарға тақырып табу, оған сценарий жазу. Өзің оператор, өзің тілшісің. Түсірілген видеоларды өзің монтаждап, эфирге дайындайсың. Дайын сюжетті NYFA News жаңалықтарына телевизияның продюсері, редактор, дыбыс режиссері, монтажер сынды мамандар сынға ала отырып, өткізеді. Тынымсыз еңбек маған үлкен бір мектеп болды.

Сол үлкен мектептен алған білімімді қазір болашақ журналистерді даярлауда қолданып жатырмын. Университет басшылығы тарапынан қолдау бар. Қазір тобымның студенттері дәрістердің көбін өздері дайындап, оқиды. Маңызды жерлерін аудиторияда бірге талдаймыз. Практикалық және өзіндік жұмыстарды олар өндірісте орындайды. Дайындаған дүниелерін жоба ретінде қорғайды, яғни тәжірибе жинауға басымдық беріп жатырмыз.

Адам көргенін, білгенін жүзеге асыру үшін оған уақыт керек. Былтыр қыркүйек айында шетелден келдім, қызығы – маған өз ортама да қайтадан бейімделуге тура келді.

- Шетел мен біздің жоғары білім беру жүйесінде қандай өзгешеліктер бар?

-Оқу бағдарламасы бір жылдық, яғни екі семестрге жоспарланды. Сабақты өту процесінде тәртіпке бағынасың, жобаны берілген уақыттан (deadline) кешіктірмей өткізу өте маңызды. Себебі, бір жоба біте салысымен келесі жобаның тапсырмасын жүктеп жібереді. Сондықтан, әр тапсырманы өз уақытынан кешіктірмеуге тырысасың. Жобаның уақыты аяқталған соң, оқытушылар құрамы оны қарап, өз бағаларын береді, артық-кемін көрсетіп, түзету жолдарын айтады. Бұл процеске барлық оқытушылармен қоса, факультет деканы да арнайы уақыт тауып, оффлайн-онлайн форматта қатысатыны бізді сүйсінтті.

Қатемен жұмыс күні деп арнайы бір күн уақыт бөлетіні де жақсы үрдіс. Америкалықтардың менталитеті біздікінен мүлде бөлек. Оқытушылар сабақ уақытынан бір минут артық отырмайды. «Уақыт – ақша» түсінігін мұндағылар берік ұстанатындығын сонда сезіндік. Сексеннің сеңгірінен асқан қарт ұстазымызды сабақты жанын беріп түсіндіріп, шабытыңды оятып жіберетіні үшін құрметтеп кеттік.

Бұл елде оқытушы құрамның ғылыми дәрежесі аса маңызды емес. Бастысы, коммерциялық жеке оқу орны болғандықтан, «сұранысқа – ұсыныс» принципімен жұмыс істейді. Біздегідей кәсіби мықты маман болсаң да, ғылыми дәрежең болмаса оқытушы бола алмайсың деген түсінік жоқ. Ең бастысы, оқытушы білгенін үйретіп, алдына келген студенттің талғамы мен талабынан шықса болғаны. Мұнда барлық оқытушыны бірдей «профессор» деп атау қалыптасқан.

- Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

-Ең басты жоспарым – білген-үйренгенімді шәкірттерімнің, жас журналистердің бойына сіңіру. Журналистика саласы бойынша күнде енгізіліп жататын жаңашылдықтарды қалт жібермей, оны да студенттеріме үйрету. Ғылым жолында арықарай даму мен үшін әлі де өзекті. Өзімнің таңдаған тақырыбым бар, ол да жалғасады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұстаздық жолды таңдадым, өкінбеймін, әрі қарай сол ұстаздықпен еліме еңбегімді сіңіре берсем деймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Фото: сұхбат берушінің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар