Америкалықтар асырап алған қазақ баласы туған ата-анасын іздейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жиырма жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған қазақ жігіті туған әке-шешесін іздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ақпарат Facebook желісіндегі «Kazakh American Association» тобында пайда болды. Ной Сак Маршалл Қазақстанда дүниеге келген және оны америкалықтар екі жасында асырап алған.

«Менің есімім Ной (Сұлтан Үмітұлы Каримов). Мен 1999 жылы қараша айында Алматыда дүниеге келдім. Шамамен екі жарым жылдан кейін мені Алматы қалалық №2 балалар үйінен асырап алды», – деп жазды ол.

Анасының есімі белгілі, оның аты – Каримова Үміт Қалкенқызы, ал әкесі – Каримов Үміт Сәкенұлы.

Оның айтуынша, Каримова Үміт Қалкенқызы есімді әйелді Алматыдан таба алмаған.

Ол өзінің туыстары туралы көбірек білгісі келеді.

«Мен мектепте көптеген тілдерді, соның ішінде орыс тілін оқыдым. Қазақ тілін оңай үйрену үшін түрік тілін үйреніп жүрмін», - деп жазды Ной.

ҚазАқпарат редакциясы қалалық әкімдікке Нойдың ата-анасын табуға көмектесуді сұрап, жүгінген еді.

«Өкінішке орай, әкімдік адамдарды іздеумен айналыспайды. Мүмкін Алматы қалалық Полиция департаменті көмектесер», - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Редакция қалалық Полиция департаментінен жауап күтуде.

Еске салайық, былтырғы мамыр айында АҚШ азаматтары асырап алған қазақ баласы Марат Тоқтарұлы Оразғалиев (қазіргі есімі - Теодор Уолтон) әлеуметтік желілер арқылы Өскемен қаласындағы туған-туыстарына іздеу салған болатын.

ШҚО Білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және интернат ұйымдары бөлімінің мамандары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, екі күннен кейін Теодор Уолтонның туған ағасын тауып берді. Кейіннен ағайындыларды бір-бірімен байланыстырды.


Соңғы жаңалықтар