Америкалық телеканал қазақстандық сән мен мәдениетке қатысты фильм түсіріп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Американың «Fashion News Live» телеарнасының директоры Рокко Лео Галиоти Шымкентте өтіп жатқан «ASPARA FASHION Week» халықаралық сән апталығына қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сән - тек киім ғана емес, ол - бизнес, ол - туризм. Менің телеарнам Америка, Канада, Жапония, Англия, Германия, Аустрия елдерінде трансляцияланады. Менің телеарна президенті ретіндегі басты міндетім - ел мәдениеті мен моданы бүкіл әлемге паш ету», - дейді Рокко Лео Галиоти.

Сұхбат барысында америкалық Қазақстанның мәдениеті бай ел екенін атап өтті. 

«Қазақ халқының ұлттық тағамдары, киімі, діні мен менталитеті - осының бәрі мен үшін сіздердің, жалпы қазақ елінің тарихы мен мәдениеті. Менің Қазақстанмен алғашқы танысуым Шымкент қаласында ASPARA Fashion Week-ті өткізіп жатқан Айдархан Қалиевпен тығыз байланысты. Біз мәдени-тарихи Түркістан қаласына түсірілімге бардық. Менің операторым қаланы, мешіттерді түсірді. Оларды тек сыртынан ғана түсірдік, өйткені іштегі ғибадат етіп жатқан адамдарға кедергі жасағымыз келмеді. Ең соңында осы Fashion Week-тің видеосын монтаждаған кезде оған еліңіздің тамаша фотосуреттерін де саламыз. Осы арқылы әлемге сән көрмесімен бірге Қазақстанды да таныстырамыз. Мен көрермендеріміз Қазақ елі жайлы да білгенін қалаймын», - деді ол.

Еске сала кетейік, Шымкентте өтіп жатқан бұл сән апталығына әлемнің көптеген елінен 24 дизайнер қатысып жатыр. Мұнда сән саласынан арнайы шақырылған шетелдік қонақтар арасында Рокко Лео Галиотиден тыс, Berlin Fashion Week  президенті Катаржина Стефанова, Италяның Vogue және Elle  журналдарының өкілдері Анна Мирабелла Постолач және Адрианна Ди Лелло, голландиялық модель және сән блогері Сенсемилетта Летиция Самтер, ҚХР киім және тоқыма қауымдастығының президенті Джан Тонг Джи, Asian Designer Week-тің президенті Дельфи Роби Рават, өзбекстандық «Miss Union» халықаралық сән конкурсының директоры Гүлнәр Мұхамедова, Asian Fashion Week Europe директоры Амстердам Айдын Асик, Украина Әтірлері гильдиясының президенті Влад Зварыч  сынды танымал адамдар бар.

Автор: Галина Скрипник

Соңғы жаңалықтар