Америкалық студенттер «Көзімнің қарасын» шырқады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Флагман» бағдарламасы: деңгейлік сертификация форматындағы тілдік дайындық» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.

Ұлттық университетте АҚШ-тың мемлекеттік «Флагман» білім беру жобасы аясында Филология және әлем тілдері факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Висконсин, Калифорния, Орегон, Пенсильвания штаттарынан келген ондаған студент білім алуда.

«Флагман» бағдарламасы аясында шетелдік студенттер қазақ тілі мен мәдениетін оқуға ерекше мән беруде. Америкалықтар бұл мүмкіндіктің түркі тілдері мен түркі мәдениетінің кең әлеміне жол салатындығын айтты. Конференцияда америкалық студенттер «Көзімнің қарасы» және «Сұлу қыз» әндерін қазақ тілінде орындады.

Халықаралық білім беру бойынша америкалық кеңес (ACCELS) ағылшын тілділерге арналған қазақ тілі бойынша танымал оқыту бағдарламасын жасап шыққан болатын. «Central Asian News Broadcasts» және «Windows on Central Asian Culture» он бір модульдік веб-курстың екі сериясы дайындалды. Веб-курс үнемі жаңарып, жетілдіріліп отырады. Осы веб-курстың арқасында қазақ тілін үйренуге ниеттілер жиырма жыл бойы тегін білім алып келеді.

«Флагман» бағдарламасы басшыларының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдау себебі мейлінше анық: ҚазҰУ-да орыс тілі бойынша теориялық, оқу және әдістемелік жұмыстары бар әлемдік деңгейдегі ғалымдардың, орыс тілінің білікті оқытушыларының тәжірибелі ұжымы қызмет етеді», - деді өз сөзінде Халықаралық білім беру бойынша американдық кеңестің президенті (ACCELS), профессор Дэн Дэвидсон.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «Флагман» білім беру бағдарламасының өте сәтті жүргізіліп жатқандығын, американдық студенттердің дәрістерге қатысып, оқу топтарында білім алып жүргендіктерін, мамандықтары немесе қызығушылықтары бойынша спецкурстар тыңдап, өндірістік практика барысында да белсенділік танытатындығын атап өтті.

«Флагмандық студенттердің өндірістік практикалары әртүрлі мекемелер мен ұйымдарда өтеді. Мен практика кезінде орта мектепте болдым: «тарих» пәні бойынша сабақ жүргізіп, мұғалім қызметінің жауапкершілігін түсіндім. Бізге беріп жатқан білімдері үшін Қазақ ұлттық университетінің оқытушыларына алғыс білдіремін», дейді Мариса Ирвин.

Соңғы жаңалықтар