Америкалық саясаттанушы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік лидерлерге теңеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшасшылық феноменін зерттеуге арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми конференцияда сөз сөйлеген америкалық саясаттанушы Ариэль Коэн ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясаттағы маңызды рөлі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің жобамның атауы «Нұрсұлтан Назарбаев - ұлт көшбасшыларының қатарында» деп аталады. Ұмтылыс, харизма, тәртіп, туған халқына деген махаббат ұлт әкелерін біріктіретін қасиеттер. АҚШ-та Джордж Вашингтон, Түркияда Мұстафа Кемаль Ата Түрік өз ұлтының қамы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалар.

Израильде Давид Бен-Гурион, ОАР-да Нельсон Мандела бірнеше ғасырлық езгіден соң өз елдерін мемлекеттілікке әкелді. Олар өз ұлттық құндылықтарын дәріптеді. Қазақстан Тұңғыш Президентінің бойында да осындай қасиеттер көп. Қарапайым отбасынан шыққан Назарбаев мансаптың барлық сатысынан өтіп, тәуелсіз Қазақстанды басқарды», - деді Ариэль Коэн.

Оның айтуынша, Елбасын халқы көрегендігі үшін құрметтейді.

«Қазақстанда табыс деңгейі небәрі 2 онжылдықта орташа деңгейден жоғарғы дәрежеге жетті. Нұрсұлтан Назарбаев бұнымен шектеліп қалған жоқ. Осы уақыттан бастап ол перспективалық құрылымдық, институционалдық реформалар жүргізіп келеді. Жаңа астана - Нұр-Сұлтан бой көтерді. Көпвекторлы саясат қиын жағдайда тұрған Қазақстанды жаңа белестерге алып шығарды, өзінің өміршеңдігін көрсетті», - дед ол.

Жиын барысында Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Пан Да Уей Елбасының арқасында Қазақстанның дипломатиялық беделі қалыптасқандығын айтты.

Соңғы жаңалықтар