Америкалық компания Дмитрий Баландиннің есімі жазылған төлем карточкасын шығарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жүзгіш, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин «Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында» атты ғаламдық бағдарламасына қатысу үшін келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы Американың «Visa» трансұлттық компаниясы мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Visa» - төлем операцияларын жүзеге асыратын трансұлттық компания. «Visa» командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында» бағдарламасына спортшылар ұлты мен шығу тегіне қарамастан, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көрсеткен жоғары нәтижелеріне қарап таңдалады. ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұсынған мәліметке сәйкес, таңдау барысында спортшының жеке қасиеттері мен әлемдік деңгейдегі спорттық жетістіктері және қоғамдық өмірге етене араласуына баса назар аударылады. Аталған команда мүшелері «Visa»-ның ынтымақтастық, серіктестік сынды құндылықтарын паш етуі тиіс.

Осылайша, «Visa» компаниясы Дмитрий Баландиннің есімі жазылған карточканы айналымға шығарды.

Дмитрий Баландин - 2016 жылғы Рио Олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алтын медаль иеленген қазақстандық жүзуші. Одан бөлек, Баландин 2014 жылы өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге жүзуден чемпион атанды. Қазіргі таңда спортшы 100 және 200 метрге жүзуден Қазақстан Республикасы рекордының иегері.

«Бұл, мен үшін үлкен мәртебе. Олимпиадалық құндылықтарды Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша насихаттау үшін мені таңдап, «Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында» бағдарламасына қосқаны үшін алғысым шексіз. Сонымен қатар, маған үлкен қолдау білдірген Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне зор алғыс. Халықаралық Олимпиада комитетінің үздік серіктесімен жұмыс істеу мүмкіндігін бағалай отырып, олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлкен үлес қосамыз деп сенемін», - дейді Дмитрий Баландин.

Аталмыш трансұлттық компания 30 жылдан бері Олимпиада ойындарының ғаламдық серіктесі саналады. Сондай-ақ, Паралимпиада ойындарына 2003 жылдан бері серіктес атанған.

Соңғы жаңалықтар