Америкалық инвестиция ағыны еселене түсті – СІМ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ Қазақстанға тікелей инвестиция салуда көшбасшы елдердің қатарында тұр. Бұл жайында АҚШ-пен ынтымақтастықты одан ары дамыту жөніндегі инвестициялық дөңгелек үстел отырысы барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан тарапы атынан АҚШ миссиясын Астанада қарсы алғанымызға қуаныштымыз. АҚШ Елшілігіне, АҚШ-тың Сауда палатасына, сонымен қатар Бизнес кеңеске осынау іс-шараны ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған бүгінгі «дөңгелек үстел» Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары кезінде басталған сындарлы диалогтың жалғасы саналатындығы қуантады», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар ол АҚШ Қазақстанға тікелей инвестиция салуда көшбасшы елдердің қатарында тұрғанын атап өтті.

«Өткен жылы, пандемиядан кейінгі америкалық инвестиция ағыны екі есеге жуық артып, 5,1 млрд доллардан асып түсті. Қазақстан ынтымақтастықтың барлық саласындағы біздің келісімдерімізді күшейтуге дайын екендігін атап өткіміз келеді», - деді Алмас Айдаров.


Соңғы жаңалықтар