Америкадағы жүргізушілердің ешбірі полицейлерге пара ұсынуға бата алмайды - Димаш Ниязов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Америкадағы жүргізушілердің ешбірі полицейлерге  пара ұсынуға бата алмайды. Бұл туралы  Нью-Йорктың үздік тәртіп сақшысы Димаш Ниязов Шымкенттің жергілікті полиция бастығы Данияр Мейірханмен кездесу  барысында айтты. Ресми емес жағдайда өткен кездесуде қос полицей екі елдің ішкі істер қызметі саласын талқылап, өзара пікір алмасқан. Бұл туралы Данияр Мейірхан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Айта кетейік, Шымкенттің тумасы Димаш Ниязов бүгінде Нью-Йоркте полицей қызметін атқарып жүр. Америкаға 13 жасында көшіп кеткен қазақ жігіті үш жылдан бері  NYPD (New York City Police Department) қарасты Бруклин ауданында қоғамдық тыныштықты күзетеді. Кәсіби бокспен айналысатын қызметкер осы жылдың қаңтар айында үздік полицей атанған болатын. Шымкенттік полицей  шетелдік әріптесімен болған кездесуден соң өз ойын ашып көрсетеді.

«Мамандықта табысқа жету үшін үлкен жұмыс өтілі болу шарт емес. Бастысы - өз ісіңді сүю жəне принциптеріңе адал болу. Жақында Нью-Йорктің ең мықты полицейімен кездестім. Димаш Ниязов өз ісін жақсы білетін жігіт. Қарапайым. Ол да мен сияқты бокспен, жалпы спортпен шұғылданады екен. Димаштың Нью-Йорктегі жұмысы да біздің жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы сияқты.

Димаш америкалық полицейлердің қалай жұмыс істейтіні туралы айтып берді. Америкада полицейлер ешбірі құқық бұзушыларды жəне басқаларды қорқытуға тырыспайды, керісінше олармен бірге. Ол жақта бəрі заңды бұлжытпай орындайды екен, сондай-ақ белгіленген ережені бұзу ешкімнің ойына да келмейді екен. Мысалы, құрама штаттарында полицейлер тəртіп бұзушыларды тоқтатқан кезде, ерекше тəсілмен, яғни белгіленген жағынан келіп тоқтатады екен, ал серіктесі ешқашан көлікте қозғалмай отырып алмайды. Америкада формадағы адамның əрбір қадамы өзінің жəне азаматтардың қауіпсіздігі үшін белгіленіп қойған. Ал олардағы материалдық-техникалық базаның өзі қандай! Əрбір патруль тұрғындардың барлығын қамтитын деректер базасымен қамтамасыз етілген. Полиция қызметкері тоқтатқаннан кейін, санаулы минуттар ішінде қол-саусақ іздері арқылы алдында тұрған адамның кім екенін жəне басқа патрульдердің өздерінен қандай қашықтықта екенін біле алады.

Америкалық полицияда қызметкерлердің кəсіби шеберліктерін көтеруге өте байсалдылықпен қарап, оны жұмыста жаңа технологияны пайдалануға үйретеді. Сонымен қатар америкалық полицейлер абыройларын қатты қорғайды, ал сыбайлас жемқорлық жанжалдары ол жақта сирек құбылыс. Жүргізушілердің ешбірі формадағы адамға пара ұсынуға бата алмайды, - дейді Димаш. Біз екі сағаттан сəл аса уақыт сұхбаттастық. Енді менің əріптесімнің қызметтік бөлмесін елінен естелік ретінде ҚР ІІМ-нің гербі бедерленген қаламдар көріктендіретін болады», - деп жазады Д.Мейірхан.

Жергілікті полиция бастығы, сондай-ақ, Димаш Ниязовтың өзін Нью-Йоркті көруге шақырғанын айтады. Ол алдағы еңбек демалысында осы мүмкіндікті пайдаланып, америкалық əріптесінің тəжірибесін зерделегісі келетінін жазған. 

Соңғы жаңалықтар