Америкадағы қазақ дәрігері Шымкентте күрделі оталар жасады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Америкада тұратын қазақ дәрігері Шымкентте жергілікті мамандармен тәжірибе бөлісті. Профессор Жолдас Құлжанов  жергілікті хирургтармен жарақаттан сау-тамтығы қалмаған ағзаны қайта қалпына келтіру бойынша күрделі оталар жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдас Құлжанов үшкүндік сапары барысында жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтар өткізеді. Сондай-ақ сүйектердің зақымдануынан зардап шегіп жүрген науқастарға тегін кеңес бермек.

Бүгін шетелдік қазақ дәрігерімен Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы және Оңтүстік Медицина академиясы үшжақты келісімге қол қойды. Тараптар меморандум аясында аралас ауыр жарақаттарды емдеу және қалпына келтіру жөніндегі медициналық шараларды бірлесіп жүзеге асырмақ.

Айта кетейік, медицина ғылымының докторы, профессор Жолдас Құлжанов 26 жыл бойы Америкада еңбек етіп келеді. Сегіз тілді меңгерген, әлемнің 42 елінде болған. АҚШ-қа келгенге дейін бес жыл Никарагуада жұмыс істеген.  Бүгінде АҚШ-тың Миссури штаты, Сент-Луис қаласында университеттік емхананың ортопедия департаментінің басшысы, АҚШ-тың ортопедия және травматология қауымдастығының және ASAMI мүшесі.

Соңғы жаңалықтар