Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері өңірлерді аралап жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кәсіподақтар Федерациясынан ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспиховтің сенімді өкілдері өңір-өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айталық, Ақтөбе облыстық қоғамдық штабының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев облыстағы мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосу барысында Алтынбек Әмірғалиев жиынға қатысушыларды сайлау алдындағы тұғырнамасымен таныстырып, кандидаттың мемлекет құрудағы еңбек жолына кеңінен тоқталып өтті.

Ал, Қызылорда өңірлік штаб мүшелері​ Қызылорда облысының ​Қазалы ауданына барып, жиын өткізді. Қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясынан ҚР Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған бағдарламасы жиынға қатысушылардың қызығушылығын туғызды.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық қоғамдық штаб пен кандидаттың сенімді өкілдері Ақтау қаласының №6 орта мектебінің еңбек ұжымымен кездесті.

Ал, Жамбыл облыстық қоғамдық штаб мүшелері - сенімді өкілдер Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатрында аудан жұртшылығымен кездесті. Айта кетейік, сенімді өкілдер 96 жылдық тарихы бар Құлан ауыл шаруашылық колледжінде де жиын өткізді. Оған 150-ден астам сайлаушы қатысты.

Барлық кездесуде сайлаушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.

Соңғы жаңалықтар