Аманғали Қайсағалиев: Көрісу – ертеден келе жатқан ата салтымыз

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Көрісу – ертеден келе жатқан ата салтымыз. Ақжайық ауданы Чапаев ауылында тұратын көпті көрген ақсақал Аманғали Қайсағалиев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның пайымдауынша, Көрісу – көне заманнан бері қалыптасқан дәстүр.

«Қазақ халқы әуелден жасы үлкен ағайын-туманы жақсы сыйлаған. Оның үстіне 14 наурыз туа, алты ай қыс бойы бір-бірімен көріспеген халық қуана құшақ жайған. Осы күні ақсақалы бар үйді бетке алып, «Армысыз, ата!» немесе «Ассалаумағалайкүм, абзал аға!» деп, қолын беріп, төс түйістіріп, үлкеннен бата алған», - дейді Аманғали Қайсағалиев.

Көрісу күні адамдар үйіндегі таза киімін киіп, тәуір дүниелерін шығарып, қабырғаға іліп қояды. Бар тағамын әзірлеп, келген қонағын күтеді.

Көрісу ғұрпының шығуы қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тікелей байланысты. Қазақтың қыс қыстайтын, жаз жайлайтын жерлері бөлек болғаны мәлім. Көктем шыға мал жайылымға кеткенде, мойындары босап, ел бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, сағынышын басқан.

Көрісу күні дастарханға құран оқыту да жөнсіз емес. Ата-бабаны еске алып, барша адамдарға амандық тілеп, құрмет көрсетудің артықтығы жоқ.

Сыйластық – қазақтың теңдесі жоқ салты. Көне түркілер заманынан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Үлкенге танымаса да, сәлем беру – кішінің міндеті.

«Көрісудің ертеден келе жатқан деудің тағы бір дәлелі бар. Ертеде қазақтар жылды 40 шілдеге (күнге) бөлген. Сонда аптасы 9 күн болған. Сол 9 санын ескеріп отыру үлкендеріміздің арасында әлі де кездеседі. Айдың жаңасы 14-і болса, 29-ын ақыр тоғыз деп, сол күні келген кісіге көріспейді. Қонаққа бармайды, жолға шықпайды», - дейді ақсақал.

«Көрісу мейрамы – Ұлыстың ұлы күні. Сондықтан жаңа жыл құтты болсын деп айтып, жамағатқа жақсы сөзін арнап, бата, тілек айту әркімнің парызы болса керек. Халқымызды ынтымаққа бастап, ырысымызды молайтуға шақыратын мерекені ел болып тойласақ, ұтылмаймыз», деп түйіндеді ойын А.Қайсағалиев.

Орал қаласында тұратын белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырдың пікірінше, 14 наурыз – көрісу күні емес, Көрісу айты. Өйткені ол бір күнмен шектелмейді. Ежелден күллі қазақ даласында болған мереке, кейін ұмыт қалып, Қазақстанның Батыс аймағында ғана сақталып қалған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді. Ол 8-9 күнге созылатын еді» дейді. Былайша айтқанда, 22 наурыз – күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыстан аман шыққан қазақтар «Бір жасыңмен!» деп, 14 наурыздан бастап бір айға дейін бір-бірін іздеп келіп, көрісетін болған.


Соңғы жаңалықтар