Амандық Баталовтың көлік жүргізушісі баспанасын әкімдікке қайтарды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының бұрыңғы әкімі Амандық Баталовтың көлік жүргізушісіне берілген пәтер мемлекетке қайтарылды. Талдықорған әкімдігі Амандық Ғаббасұлының көлік жүргізушісі болған азамат баспананы өз еркімен өткізді деп түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қазір Талдықорғанда баспанаға қатысты дау ушығып тұр. Қалаға биыл жаңадан әкім болып келген Әсет Масабаев жұмысын шаһардағы үйлердің заңды, заңсыз берілгендігін тексерумен бастаған болатын.

Анықталғандай облыс орталығында 1062 пәтер заң бұзушылықпен берілген. Енді тұрғындар үйді заңды алғанын сот арқылы дәлелдеп шықпаса, баспананы мәжбүрлі түрде босататын болады. Қазірдің өзінде 37 баспана әкімдіктің балансына қайта қайтарылды.

Жалпы, Талдықорғанда 16 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Олардың ішінде де кезек алға емес, керісінше артқа жылжып жатыр деп шағымданғандар аз емес.

«Қазіргі таңда өз еркімен Алматы облысының бұрынғы әкімінің жүргізушісі Николай бір пәтерлі бөлмесін Талдықорған қаласының тұрғын үй қорына қайтарып берді. Енді осы баспана кезекке сәйкес әлеуметтік осал топтарға берілетін болады»,- деді Талдықорған қаласы әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Мәди Шәкенов.

Соңғы жаңалықтар