«Amanat» сақтандыру компаниясы ұшақ апатынан зардап шеккендерге өтемақы төлейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Amanat» сақтандыру компаниясы «Бек Эйр» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендерге өтемақы төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Amanat» компаниясы 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы облысында апатқа ұшыраған «Бек Эйр» әуе копаниясының борт нөмірі UP-F1007 Fokker 100 ұшағы жолаушыларының әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін сақтандырушысы екендігін мәлімдегім келеді. Осы көлік құралы иесі жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру келісімшарты бойынша Amanat-та сақтандырған«, - деп жазды аталған сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Ерғали Бегімбетов Facebook-тегі парақшасында.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Республикасының »Жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы« Заңына сәйкес, сақтандыру өтемақысын денсаулығына зиян келген жолаушылар, сонымен қатар қаза болған жолаушылардың асырауында болған зардап шеккен тұлғалар алады.

Атап айтқанда, жарымжан болған, жарақат алған немесе денсаулығына басқа да зиян келген жолаушылар емдеуге кеткен нақты шығындар мөлшерінде 200 АЕК-ке дейін (505 мың теңге) өтемақы алады. Ұшақ апаты салдарынан мүгедектігі анықталған жолаушыларға мүгедектік тобына байланысты компания 2 500-ден 5 000 АЕК-ке дейін (6 312 000-12 625 000 теңге) өтемақы береді. Қаза тапқан жолаушы үшін 5 000 АЕК (12 625 000) өтемақы төлеу қарастырылған.

Мұнан бөлек, жерлеу рәсімдерін жүргізген тұлға 100 АЕК мөлшерінде жер қойнына тапсыру шығындарын өтеп алады. Әрбір зардап шегушінің зақымданған мүлкіне 250 АЕК-ке дейін өтемақы төлеу қарастырылған.

»Заңға сәйкес, сақтандыру өтемақысы «Бек Эйр» АҚ пен зардап шегушіден заң талап ететін құжаттар сақтандыру компаниясына түскен күннен бастап 7 жұмыс күнінің ішінде өтелуі тиіс. Біз бірден болмаса да оны барынша жылдам жүзеге асырамыз. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Amanat өзінің барлық міндеттемелерін орындап, өтемақыны рәсімдеу барынша жедел және ауыртпалықсыз жүргізілуі үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер жүгінгендердің бірінде проблема туындап жатса, онда маған жеке ұялы телефоныма хабарласуын өтінемін: +77772120074«, - деді Ерғали Бегімбетов.



Соңғы жаңалықтар