AMANAT партиясы осы атқа лайық болуы керек - Азамат Сатыбалды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Актер, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды Nur Otan партиясының AMANAT болып өзгеруі мен партияға жүктелген міндеттер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Партияның атауымен бірге бағыт-бағдары да өзгерді. Оның алға қойған жоспары ауқымды. Партия мүшелері мойнына жүктелген міндетті абыроймен атқарса ғана халықтың көңілінен шығады. Сондай-ақ елдің дамуына орасан зор үлес қосады деп ойлаймын. Бізге ел де, жер де аманат. Сондықтан аманатқа қиянат жасамай, келер ұрпаққа қаймағын бұзбай табыс ету бізге аманат. AMANAT партиясы осы атқа лайықты қызмет етеді деп сенемін»,- дейді актер.

Спикердің айтуынша, депуттар халыққа жақын болуы керек.

«Депуттар қарапайым халықтың ішіне барып, проблеманы көріп қана қоймай, сезінуі керек. Тек сол кезде ғана халыққа қажетті, елдің дамуына ықпал ететін заң шығарады»,- дейді Азамат Сатыбалды.

Сонымен қатар, ол Жаңа Қазақстанды құру - Қазақстан халқының ортақ міндеті екенін еске салды.

«Қаңтар айының басында Қазақстан тап болған оқиғалар еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндірген күрделі кезең болды. Осы уақытта Президенттің тиімді шешімдер қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алғанының куәсі болдық. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құратынымызды айтты. Оның бағыт- бағдарын көрсетті. Айтылған ой айқын, тапсырмалар нақты болғандықтан, олардың абыроймен орындалатынына сенімдіміз. Жалпы, бұл шаруаны іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті деп есептеймін»,- дейді Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры.


Соңғы жаңалықтар