AMANAT партиясы мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай ашық аспан астында концерт өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы ЭКСПО аумағында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына арналған «Менің Елім» атты мерекелік концерт өтті. Оған 20 мыңнан астам көрермен қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордалықтар мен қала қонақтарының алдында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздарымен қатар, жас әншілер де өнер көрсетті. Атап айтқанда, Роза Рымбаева, Ұлықпан Жолдасов, «Жігіттер» тобы, Айқын, Raim, Қуандық Рақым, AYREE, Аргоня, Мансұр және Қобыланды, «Алашұлы» тобы, Дана Кентай, Фарида Жолдасова, Зарина Омарова, Prince, Садраддин, 2RAR, AKHA ән шырқады.

Үзіліс кезінде «AMANAT» республикалық партиялық штабының мүшелері қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, осы жексенбіде өтетін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумға қатысуға шақырды.

Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек атап өткендей, еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

«Бәріміз бірге, бүкіл халық болып Мемлекет басшысы жариялаған саяси реформалар бағыты төңірегінде топтасайық», - деді ол.

Өз кезегінде белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай конституциялық реформа - «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Қараңыздаршы, көк туымыздың желбірегені адамды қалай тебірентеді, рух береді! Барлығымыз осы туды биік ұстайық! Қазір еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр», - деді Мақсат Толықбай.

Белгілі қазақстандық спортшы Абзал Әжіғалиев те жиналғандар алдында сөз сөйледі.

«Мен әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары бәрінен жоғары тұратын әділетті Қазақстанда өмір сүргім келеді», - деді ол.

Айта кетейік, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді.


Соңғы жаңалықтар