«Amanat» өкілдері әуелі кімнің аманатын орындайтындарын түсініп алуы керек – Өмірәлі Жалаири

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы Өмірәлі Жалаири «Amanat» партиясының кезектен тыс съезінде айтылған мәселелер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Президент «Amanat» партиясының Мәжіліс пен мәслихаттардағы өкілдерін депуттатық сауалдармен шектелмей, белсенді әрекет етуге үндеді. Сол кезде менің есіме өзімнің Алматы қалалық партия комитетінде депутат болған кезім есіме түсті. Біздің №70 округ дейтін сол кездегі ҚазМУ қалашығы жақта жауапты аймағымыз болды. Сондағы мәселелер шешімін таппай жатса, қалалық телевидениені шақырып, атқарушы комитет өкілдерін сол жерге алдырып, мәселені оқиға орнында талқылайтынбыз. Одан нәтиже болмаса, халықтың атынан атқарушы комитет басшыларына кіретінбіз. Ал қазір депутаттар сауал жолдап қойып отырады. Оған министрлер де жауап жолдап шектеледі. Одан ешқандай пайда жоқ. Жалпақ тілмен айтсақ, пысқырмайды да. Заң бойынша депутаттық мандат оларға әр мәселенің түбіне жетуге мүмкіндік береді. Соны пайдаланбай отыр. Президенттің белсенді болыңыздар дегені осы мағынада айтылып отыр деп есептеймін», - дейді ғалым.

Оның пайымынша, депутаттардың сайлаушылармен кездесуі формалды қалыпқа түсіп алған. Әуелі осы тұрғыда өзгеріс қажет.

«Қазір депутатымыз да, басқамыз да бүкіл жұмысты қағаз жүзінде істейтін болып алдық. Ал елдің ішіне барып, нақты проблеманы бетпе-бет зерттеу өте сирек кездеседі. Мысалы өзі шыққан ауылда интернет жоқ дейік. Депутат сондай проблеманың бар екенін бірінші өз аяғымен барып, көз жеткізуі керек. Содан кейін проблема шешілгенше елді мекендерді интернетпен қамтуға жауапты «Қазақтелеком» сияқты монополистердің табалдырығын тоздыруы керек.

Мәслихат депутатттары да жергілікті әкімдердің шешімдерін бірауыздан мақұлдау үшін құрылған институт болып кетті. Жалпы олардың құзыретін көтеру керек. Яғни, «Amanat» өкілдері әуелі кімнің аманатын орындайтындарын түсініп алуы керек. Қазір олар әкімдерге тым кіріптар. Негізі мәслихат әкімдерден есеп алып отыруы керек. Ал бізде керісінше. Ол кіріптарлықтан құтқару үшін Мәжілістің де, мәслихаттардың да 50 пайыз құрамы мажоритарлық жүйемен сайлануы керек. Әйтпесе жергілікті әкімдер өңшең бас шұлғып, мақұлдағыш адамдарды іріктеп, бас көтерер белсенділердің бәрін партияның маңайына жолатпайды. Тіпті праймериздің өзі көп жерде осындай қағидатпен өткенін уақыт көрсетіп отыр», - дейді заң ғылымдарының докторы.

Заңгер «Amanat» партиясы қоғамның дамуына әсер ететін қозғаушы күшке айналуы үшін заңдағы мүмкіндіктерін ел мүддесіне сай паланауы қажет деп есептейді.

«Amanat» деген ат алған партия өз мойындарына үлкен міндет жүктеп отыр негізі. Соны абыроймен атқару үшін халықтың мүддесіне сай болуы керек. Ол үшін Мәжіліс пен мәслихат құрамының кемінде жартысын тікелей халық сайлауы керек.

Мәслихаттың құзыретін көтеру керек дедім ғой. Негізі заңда оған қажетті ереженің бәрі бар. Тек іс жүзінде орындалуы керек. Мысалы, өткенде Алматы қаласына жаңа әкім тағайындалған кезде Президенттің ұсынысын қалалық мәслихат депуттары бірауыздан қолдады. Ал халықтың ішінде қарсы болғандар бар екенін көрдік. Тіпті петиция да жариялады. Яғни жергілікті мәслихат халықтың қалауын білмейді немесе санасқысы келмейді. Әйтпесе қалалық мәслихат депутаттарының ішінен де ол кандидатурға халық атынан наразылық білдіретін бір адам шығуы керек еді ғой. Олай болмады. Қағазда әдемі жазылған заңдар өмірде де әдемі қалпында орындалуы керек. Сонда депутаттардың, партияның жұмысы нәтижелі болады деп ойлаймын», - дейді Өмірәлі Жалаири.


Соңғы жаңалықтар