Amanat-2022 медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды
2022 жылғы 25 маусым 18:07

Amanat-2022 медиа сыйлығының жеңімпаздары анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «Amanat» партиясы журналистер арасындағы «Amanat-2022 медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсім барысында партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бұл медиа сыйлықтың 10 жылдан астам тарихы бар екенін атап өтті. Биыл жаңа форматта ұйымдастырылған байқау жанрлық сипаттан тақырыптық бағытқа ауысып, қосымша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» және Шерхан Мұртаза мен Камал Смаилов атындағы «Телевизия үздігі» арнайы сыйлықтары енгізілді.

«АMANAT» медиа сыйлығы – халықтың үздік журналистерге білдірген алғысы. Себебі, журналист – халық үнін жеткізетін, мемлекет мүддесі үшін күресетін тұлға. Осы салтанатты кешке үздіктердің үздігін анықтау үшін жиналып отырмыз. Менің ойымша, журналист деген мамандықты таңдаудың өзі – үздік болу. Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өте үлкен, тарихи өзгерістер жүріп жатыр. Оның мән-мазмұнын халыққа жеткізу ісі үлкен жауапкершілікті, аса зор шеберлік пен кәсібилікті талап етеді. Бұл міндетті сіздер өте жоғары деңгейде атқарып келесіздер. Байқау Жаңа Қазақстанды құру ісінде еліміздің ақпараттық кеңістігін күшейтуге ықпал етері сөзсіз», - деді Асхат Оралов.

Байқау комиссиясының төрағасы, белгілі журналист, ақын, «Amanat» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, биыл қазылар алқасына 260-тан астам өтінім жолданған.

«Биыл келіп түскен жұмыстардың 70%-дан астамы тек аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан, яғни өңірлерден жолданғаны қуантты. Жас журналистер де белсенділік танытты. Яғни, отандық журналистикада қаламы төселген мэтрлермен қатар жас мамандардың тарапынан да үлкен қызығушылықты байқадық. Әрине, бұл байқау олардың шығармашылық шеберлігін шыңдай түсері анық. «Amanat» медиа сыйлығының басты мақсаты да сол», - деді Жанарбек Әшімжан.

Сонымен, байқау комиссияның шешімімен жеңімпаз танылғандар:

«Жаңа Қазақстанды» құру туралы үздік материал» номинациясы бойынша – «КТК» телеарнасының тілшісі Асқарбек Қазанғап

«Әлеуметтік мәселеге арналған үздік материал» номинациясы бойынша – «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі Анжела Ли

«Аймақ туралы үздік материал» номинациясы бойынша – «Хабар24» телеарнасының Ақмола облысы бойынша тілшісі Дамир Шайдаров

«Жастар туралы үздік материал» номинациясы бойынша – «Dalanews.kz» ақпарат агенттігінің Абай облысындағы тілшісі Қуаныш Смағұлов

«Рухани-мәдени дамуға арналған үздік материал» номинациясы бойынша – «Хабар» телеарнасының тілшісі Индира Жылқайдарова

«Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы туралы үздік материал» номинациясы бойынша – Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаев

«Amanat» партиясының трансформациясы туралы үздік материал» номинациясы бойынша – ҚР Президенті Телерадиокешенінің режиссері Вадим Ширяев

Арнайы сыйлықтардың иегерлері:

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығы – «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Түркістан облысы бойынша тілшісі Ғалымжан Елшібай

Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығы – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының басшысы Жалғас Алтаев

«Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығы – блогер, мотивациялық кітаптардың авторы, тележүргізуші Дәулет Мұқаев.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT