АЛЖИР тұтқындарына құрмет: Израиль елшілігі мемориалды тақта орнатты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданындағы "АЛЖИР" музей-мемориалдық кешені аумағында 1938-1953 жылдары тұтқында жазасын өтеген еврей ұлты əйелдерінің құрметіне мемориалды тақта қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара елімізде жыл сайын 31 мамырда аталып өтетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жүзеге асырылды.

"АЛЖИР мемориалында сотталған əр ұлттың  әйелдеріне белгі қойылған болса, оның ішінде еврей əйелдері жоқ. АЛЖИР-де 855 еврей əйелі жазасын өтеді. Сол себепті, мен Израиль елшісіне хат жазып, осы мәліметтерді жеткіздім. Ол бірден «көктемде ескерткіш орнатамыз» деді. Мен осы жаңалықты Израильдің бұқаралық ақпарат құралдарында тарату үшін Қазақстанға арнайы келіп отырмын", - дейді кинорежиссер, журналист Сергей Шафир.


"Біз осы тақтаны ашу  арқылы АЛЖИР-де заңсыз сотталғандарға қатысты тарихи əділдікке қол жеткіземіз. Бірінші рет əділдік Сталиннің жеке басына табынушылық әшкереленгеннен кейін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ерлер мен олардың əйелдері ақталған кезде болса, екінші рет ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемориалдық кешеннің ашылуында орнады", деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы Израильдің Төтенше жəне өкілетті елшісі Михаэль Бродский.

Шараға "АЛЖИР" музей-мемориалдық кешенінің директоры Самат Тергембаев жəне  Астанадағы бас раввин Шмуэль Карнаух қатысты.

Мемориалдық тақта өткен ғасырдың 30-50 жылдарындағы  қайғылы күндерді еске алуға арналған. Əр жылдары «Отанын сатқандардың» əйелдеріне арналған Ақмола лагері аталатын "№26 лагпункте" 855 еврей әйелі болды, олар тұтқындардың 16 пайызын құрады. Жалпы, мұражай мұрағаттарында АЛЖИР-де тұтқында болған 62 ұлттың əйелдерінің есімдері жазылған.

Соңғы жаңалықтар