АЛЖИР лагерін киелі жерлер тізіміне енгізу ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен ғасырдағы репрессия жылдары отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерін Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енгізу ұсынылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінде өткен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне байланысты жиында «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғали мәлім етті.

«Еліміздегі тас дәуірінен бүгінге дейінгі ескерткіштерді түгендеп жатырмыз. Облыстағы ғалымдармен бірге киелі жерлер тізімі құрылып жатыр. Онда тек қана археологиялық, тарихи орындар емес, Қазақстан тарихындағы саяси-тарихи оқиғалар болған жерлер де бар. Мәселен, қасіретке толы АЛЖИР лагерін тізімге енгізу ұсынылып жатыр. Бұл тарихта ұмытылмайтын орындардың бірі», - деді Берік Әбдіғали.

Сонымен бірге, ғалым ашаршылық кезіндегі көтерілістерге қатысқан азаматтарды, көтеріліс басшыларын анықтап, олардың есімдерін ақтау қажеттігін баса айтты.

«Әлі күнге дейін есімі елге толық қайтарылмаған тұлғалар бар. Мәселен, Созақ көтерілісінде 300 адам атылып, қудаланды. Маңғыстауда, Абыралыда ашаршылыққа қарсы көтерілістер болды. Олардың көпшілігі әлі ақталмаған. Неге ақталмады деп сұрасақ, олар адам өлтірген дейді. Яғни, олар адам өлтіруіне байланысты арнайы органдарда қылмыскер, бандит ретінде сотталған. Ал енді заман өзгерді, әлі күнге дейін елдің қамын ойлаған азаматтардың есімдерін ақтай алмай келеміз», - деп атап өтті ол. 

Айта кетейік, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні Президенттің 1997 жылы 5 сәуірдегі бұйрығымен жыл сайын 31 мамырда атап өтіледі.  Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары Кеңестік Қазақстанның 118 мың адамы сотталып, 25 мыңына ату жазасы кесілген.

Соңғы жаңалықтар