+7 (701) 759 90 19
USD 423.91 EUR 497.37
RUB 5.82 CNY 65.59
Jańalyqtar

Алып ер-тұрман, бетон пернетақта, Пиксель-адам: EXPO қалашығында ерекше көрме өтіп жатыр

2021 жылғы 5 тамыз 18:53
Бөлісіңіз:
Алып ер-тұрман, бетон пернетақта, Пиксель-адам: EXPO қалашығында ерекше көрме өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дөңгелек қиқымдарынан кескінделген қасқыр, күн қақтап, жел мүжіген темірден «қашалған» алып ер-тұрман, декоративтік бетоннан құйылған пернетақта. EXPO аумағына барған адамдарды осындай ерекше мүсіндер мен инсталляциялар қарсы алып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Нұр-Сұлтанда «Бейбітшілік тағы» атты көрме ашылды Нұр-Сұлтанда «Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығы» халықаралық көрмесі ашылды Берел жәдігерлері Ұлыбританияда таныстырылады

Шілдеден бері EXPO іскерлік орталығының аумағына келушілер кескіндеме өнерінің ерекше туындыларына көзайым болып жүр. Қыркүйекке дейін деп жоспарланған кешенді көрмені «QazExpoCongress» ұлттық компаницясы» АҚ мен Еуразиялық мәдени альянсы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап ұйымдастырыпты.

Осы кереметтің бәрін өз көзімен көру үшін жиналған БАҚ өкілдерін ұйымдастырушылар NUR ALEM мұражайының алдынан күтіп алып, әр туындымен жеке-жеке таныстырды.

«Бұл Валерий Казас деген ресейлік скульптордың «Удержание красного» деген туындысы. Оның «Садақ» атты кескіндемесі де осы тақылеттес», - деп таныстырды Еуразиялық мәдени альянстың негізін қалаушылардың бірі, куратор және көркемдік кеңесші Владислав Слудский.


Тот баспайтын болат пен көлік бояйтын эмальдің үйлесімінен туындаған шаршылар композициясы К.Малевичтің «Қара шаршысын» еске түсірді.

«Ал мынау Санкт-Петербургтен шыққан кескіндемеші Андрей Люблинскийдің «Пиксельные айтишники» деген туындысы», - деп таныстырды келесі инсталляцияны.

Бейнелеу өнеріне икемсіз бала салған суретке ұқсайтын бұл нысан, арт-кеңесшінің айтуынша, өнердегі жаңа бір бағыттың туындысы көрінеді.

«Қазіргі түсінік бойынша өнер демократияланып келеді. Яғни, бұрын биік өнерге тамсану тек ақсүйектер мен қалталы адамдардың маңдайына жазылған әуестік деп саналса, қазір көркем туынды атаулының бәрі қарапайым адамның ортасына енуге ұмтылуда. Тіршілікті мейлінше қарабайыр мазмұндап жеткізу, бояу мен форманы барынша қарапайым етіп ұсыну бүгінгі кескіндемеде ерекше бағаланады. «Пиксель адам» да, олардың қолындағы гаджеттер де өте тұрпайы жасалғанымен, соншалық шынайы. Оған қараған адам санасынан ой суыртпақтап жатпайды. Көз көргенді ми бірден қабылдайды. Бұл бағыттың құдыреті осында», - деп түсіндірді Владислав.

Іскерлік аумақтағы Astana халықаралық қаржы орталығының алдына қызыл темірден кескінделген қоқиқаздар үйірі дүрк көтеріліп, ұшуға бет алыпты.

«Байқасаңыздар, біз Astana халықаралық қаржы орталығының алдында тұрмыз. Яғни көкке ұмтылған қоқиқаз заманауи трейдингтің символы болып тұр. Қазіргі трейдинг сонау Ұлы Жібек жолынан бастау алған дейтін теория бар. Осы тұрғыдан алсақ та, отандасымыз Алена Welar-дың «Ұшуға бет алған қоқиқаздар» туындысы өзекті», - деді гидіміз.

Инсталляция бір жағынан қанатын сабалап жатқан қоқиқазға ұқсаса, тағы бір қырынан қор биржасындағы трендтерді бейнелейтін диаграммалық сызықтарға ұқсап кетеді.

Тағы бір қазақстандық мүсінші декоративтік бетоннан пернетақта батырмаларын құйып шыққан екен.

«Анастасия Силкинаның бұл туындысын орнатқаннан кейін жарты сағат өтпей жатып, маңайына адамдар қаптап кетті. Бірі үстіне отырып суретке түссе, екіншісі аяқ суытып, аялдауға таптырмайтын орын екенін айтып жатты. Соған қарағанда автордың идеясы замандастарына өте жақын болып шыққан сияқты», - дейді Владислав Слудский.

Жаһандық трендке еліктеген кескіндемелерге көзіміз қанығып болса керек, астарынан ұлттық калорит іздей бастағанбыз. Сөйтсек, ұйымдастырушылар ең мағыналы туындыларды пресс-турдың аяғына қалдырған екен.

Әйгілі суретші Мұрат Ділмановтың «Энергетикалық буйволдары», Арыстанбек Шалбаевтың «Махамбеті», Саид Атабековтің «Ер-тұрманы» қазақи қалыпқа сусап келе жатқан көңілімізді тоғайтып тастады.

Солардың ішінен көкке қарап ұлып тұрған қасқырдың бейнесі көзімізге жылы ұшырады. Бұл суретші, кескіндемеші, қазақ авангардизмінің негізін қалаушы Молдақұл Нарымбетовтің соңғы туындысы екен.

Машина дөңгелегінің қиқымын балқыту арқылы қашалған бұл мүсін аяқталмай қалып, оны суретшінің ұлы түйіндепті.

«Резеңке шинаны кескіндеме материалына айналдырған шеберлер әлем бойынша кемде-кем. Тайландтық бір мүсіншіні ғана көрдім. Бірақ оның шеберлігі, мүсіндерінің мазмұны Нарымбетовтің деңгейіне жетпейді. Мәдениеттанушылардың арасында аңызға бергісіз теория бар. Өнер адамдарының жан дүниесі дебют кезеңінде және өлерінің алдында ерекше тұнық болатын көрінеді. Өйткені алғаш өнерге келгенде ешбір академиялық шектеулерге бағынбайтын азат күйде болады. Ал өмірінің соңғы сәтінде бойында барын сарқып беруге тырысады деген қисыннан шыққан. Өз басым Молдақұл ағамен өмірінің соңғы айларында таныстым. Менің көз алдымда бейнесі баладай пәк адам болып қалды», - дейді В.Слудский.

Бұл көрменің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналғанын айттық. «QazExpoCongress» ұлттық компаницясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаевтің сөзіне қарағанда, азаттық тойының аясында қолға алынатын шаралар мұнымен шектелмейді.

«Өздеріңіз білетіндей, БҰҰ-ның 74-ассамблеясында 2021 жыл креативті индустрия жылы болып белгіленді. Бүгінде креативті индустрия әлем экономикасының маңызды драйверіне айналып отырғанын да білесіздер. Сән, кино-индустрия, ІТ сала сияқты түрлі бағыттарда дамып отыр. Қазақстан Тәуелсіздігі 30 жылдығының құрметіне біздің компания биыл EXPO іскерлік орталығы аумағында креативті экономика бағытында белсенділікті арттыруды қолға алып отыр. Осылайша қазірдің өзінде 9 тұрақты арт-нысан орнаттық. Оның әрқайсысы бірегеу өнер туындысы деуге болады. Олардан бөлек 7 уақытша арт-нысан бар. Сонымен бірге бізге аумақты гүлдестелі аллеямен әрледік. Осының бәрі қалашыққа келушілер мен онда жұмыс істейтін адамдарға қолайлы орта жасау үшін ұйымдастырылған. Соның арқасында біз бұл аумақты тек іскерлік, қаржылық ортаға арналған алаң ретінде ғана емес, кез келген адамға қолайлы нысан етуді көздеп отырмыз», - дейді ұлттық компания өкілі.

Сондай-ақ, ол осындай мазмұнды шаралардың арқасында NUR ALEM сферасына күн сайы мыңнан астам адам келетінін атап өтті.

«Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, бүгін аптаның жұмыс күні болса да, келушілер көп. Ал демалыста олардың саны он еселеп артады. NUR ALEM сферасына ғана жыл басынан бері күн сайын орта есеппен 1200 адам бас сұғып жүр. Ал қандай да бір қызықты шара өткізген кезде келушілер саны күніне 2000-ға дейін жетеді. Қазір онда «Заттардың өмірі» атты суреткерлік көрме өтіп жатыр. Кез келген адам көрмеге тегін кіре алады. Тек Ashyq жүйесінің тәртібін сақтаса болды», - деді Дәулет Еркімбаев.

Біз бағанадан бері сөзбен сипаттап отырған көрменің ресми атауы «Заттардың өмірі» деп қойылған екен.

«Заттардың өмірі» көрмесі аяқталғаннан кейін бұл аумақта Әбілхан Қастеев атындағы музей қазақстандық суретшілердің 1940 жылдан қазірге дейін салған туындыларын көрмеге әкеледі. Сондай-ақ, фотокөрме тақырыбы үнемі өзгеріп отырады. Ал демалыс күндері балаларға арналған түрлі интерактивті шаралар өтеді. Шаралардың бәрі дерлік ашық аспан астында өтеді. Бұл қазіргі санитарлық талаптарға да сай», - дейді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының өкілі.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT