Алуа Жолдыбалина: Президент үндеуінде көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерге тоқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент өз мәлімдемесінде осы уақытқа дейін карантин шараларын жаппай сақтамағандықтан Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жүйелі қателіктерінен, әкімдердің әлсіздігінен пневмонияның күрт өсуімен бірге болған коронавирустың екінші толқын мәжбүр екеніне назар аударды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы COVID індеті мен пневмония салдарынан дүние салып жатқан азаматтарымыздың жақындарына көңіл айтып, осыған орай 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұған дейін 4 сәуірде Қытай, 22 мамырдан бастап 3 күнге АҚШ, 27 мамырдан бастап 10 күнге Испания секілді елдер аза тұту күнін жариялаған болатын. Өйткені осы мемлекеттерде аталған аурудан едәуір адам шығыны болды», - деді Алуа Жолдыбалина.

Сарапшының айтуынша Қазақстан да 2019 жылдың 28 желтоқсанында жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін араға жарты жыл уақыт салып елімізде короновирус індетінен адамдардың қаза болуына байланысты қаралы күн жарияланады. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бастап, яғни 1991 жылдан бері Қазақстанда аза тұту күні тоғызыншы рет жарияланды.

«Президент айтып өткендей, «кемшіліктерді біз көріп отырмыз. Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз». Яғни ұстанымы биік ел ретінде біз де пандемия жағдайынан өз сабақтарымызды алып, «бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз» керек екендігіміз сөзсіз. Әрине, Президент Қ.Тоқаев өз үндеуінде тоқталған маңызды мәселелердің басым бөлігі соңғы уақытта көпшілікті толғандырып жүрген еді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде және бірқатар БАҚ-та коронавируспен күреске қатысты биліктің әрекеттері сынға алынып, өткір проблемалар ретінде талқыланды. Мемлекет басшысы денсаулық саласының және жекелеген өңірлердің індетпен күрестегі жіберген қателіктерін ашып айтып, ешкімнің де көмексіз қалмайтынын атап көрсетті», - деп атап өтті сарапшы.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар