Алтынемел ұлттық паркінің аша тұяқты жануарлары Іле-Балқаш резерватына көшіріледі

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - 2018 жылы Алтынемел ұлттық паркінің аша тұяқты жануарлары Іле-Балқаш резерватына көшіріле бастайды. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Марлен Айнабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Іле-Балқаш резерватын құру бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Оның аумағы 415 мың гектарды құрайды. 2018 жылы резерватты ұстауға республикалық бюджеттен 117 миллион теңге, материалдық-техникалық жабдықтауы үшін - 73 миллион теңге бөлінеді. Одан бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасы аясында келесі жылы 19 миллион теңге, 2019 жылы - 17 миллион теңге бөлінеді», - деп атап өтті М.Айнабеков ҚР АШМ Жолбарыстарды қалпына келтіру жұмыстарына арналған жиналыста.

Комитет төрағасының айтуынша, Іле-Балқаш резерватын құру бағдарламасы 20 жылға жоспарланған. Алғашқы 5 жылдықта тоғайлы және жайылма ормандарды қалпына келтіру мен тәлімбақтар құру жұмыстары жүргізіледі. Екінші кезеңде жолбарыстарға арналған қоректік базаны құру, яғни тұяқты жануарлар қалпына келтіріледі.

«Резерват қызметінің алғашқы кезеңінде табиғи кешендер мен нысандарды қорғау, жайылма ормандарды қалпына келтіру және бұқар бұғысын жерсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Аталған жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтауымыз қажет», - деп өз сөзін толықтырды  М.Айнабеков.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарында жолбарыстар тіршілік ететін «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты өз жұмысын бастайды. Қазақстандағы жолбарыстардың реинтродукциясы бойынша шараларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ресейдің Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандум бекітілген.

Соңғы жаңалықтар