«Алтынемел» деректі фильмі Қытайда жүлдеге ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Алтынемел» деректі фильмі ҚХР-ның Тайчжоу қаласында өткен Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Шетелдің үздік деректі фильмі» жүлдесімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы баяндайтын деректі фильмнің авторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов.  

Айта кетсек, «Алтынемел» деректі фильмі режиссердің алғашқы жұмысы. Сондай-ақ Олег Белялов бұл картинаның сценарий авторы және қоюшы операторы.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қараша айында «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорымен бірлесіп, Қазақ деректі киносының күндері аясында «Алтынемел» деректі фильмнің көрсетілімі өткен болатын.

Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығының ұйымдастырушылары: Қытайдың телевизиялық суретшілер қауымдастығы, Чжэцзян баспа, радио, кино және телевизия әкімшілігі және Тайчжоу үкіметі. Мәдени іс-шара Азия елдерінде туризмнің және кинематография саласының дамуына бағытталған. Биыл аталған шараға Франция, Ресей, Қазақстан және Жапония сынды 23 мемлекеттерден мыңнан астам кино және телебағдарламалар қатысқан. 

Алтынемел - Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі - 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан. Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Қапшағай мемлекеттік аңшылық шаруашылығы негізінде 1996 жылы құрылды.

Айта кетерлігі, Олег Белялов жастайынан жабайы табиғатты, құстарды түсіруге әуестене бастады. 1984-1987 жылдар  аралығында «Қазақфильм» киностудиясында оператордың көмекшісі ретінде жұмыс атқарды. Сондай-ақ көптеген зоологиялық экспедицияларға, Қазақстан табиғаты туралы фильмдердің және фотоальбомдардың жасалуына белсене қатысты. 

Соңғы жаңалықтар