«Алтын тұлпар» республикалық бәйгесінің бас жүлдесі кімге бұйырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бесінші мәрте ұйымдастырылған 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» бәйгесі алғаш рет Атыраудың төсін дүбірлетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының мәліметінше, Атырау облысы әкімдігі мен Ұлттық спорт қауымдастығының Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған аламанда 12 өңірдің қырыққа жуық жүйрігі бақ сынады. «Nur Otan» партиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бәйгенің бас жүлдесі 10 млн теңге болды. Сайыстың жалпы жүлде қоры 22 млн теңгені құрады.

2017 жылы өткен «Алтын тұлпарда» арқан бойы ғана артта келіп, екінші орынды иеленген Жетісудың жүйрігі «Қоянқасқаны» арада екі жыл өткенде иелері Қызылорда облысының атынан қайта қосқан. «Қоянқасқа» бұл жолы нағыз бабында екен. Сәйгүліктің иесі Бердібек Махановтың айтуынша, бұл жарысқа жүйрікті бір ай бойы Атырауда арнайы баптаған. Еңбек ақталып, жарыс жолына шыққан 40-қа жуық сәйгүліктің алды болып мәреге жеткен. Осылайша, 10 миллион теңгелік бас бәйгені олжалап қайтты.

«Алтын тұлпар – Жайық жағасында» аламан бәйгесінде жүлде алғандар:

1-орын: Қызылорда облысынан келген «Қоянқасқа» атты ағылшын тұқымды жирен бие. Шабандозы – Ғалымнұр Ноғайбек, ат иесі – Бердібек Маханов, бапкері – Қуат Әбсалямов. (10 млн теңге)

2-орын: Жамбыл облысынан келген «Шымшық» атты 7 жастағы будан торы бие. Шабандозы – Алдияр Сансызбай, ат иесі – Жасұлан Әбдібеков, бапкері – Мақсат Мұраханбаев. (5 млн теңге)

3-орын: Жамбыл облысынан келген «Дос» атты 5 жастағы торы айғыр. Шабандозы – Нұр Сайлау, ат иесі – Елдос Сұлтанбеков, бапкері – Серік Әлімбеков. (2,5 млн теңге)

4-орын: Маңғыстау облысынан келген «Айтөбел» атты 5 жасар қоңыр будан айғыр. Шабандозы – Ерболат Жаңбырбаев, ат иесі әрі бапкері – Келдібай Ибраев. (1,5 млн теңге)

5-орын: Атырау облысы Махамбет ауданынан келген «Жезкиік» атты ағылшын тұқымды 7 жасар құлан бие. Шабандозы – Инапхан Нұрасыл, ат иесі – Марат Өтепов, бапкері – Қанат Махаметәлиев. (1 млн теңге)

6-орын: Атырау облысы Жылой ауданынан келген «Жетіқазына» атты будан айғыр. Шабандозы – Жандәулет Шалабеков, ат иесі – «Бақай» корпарациясы, бапкері – Азамат Піржанов. (750 мың теңге)

7-орын: Алматы облысы Аққайнар ауылынан келген «Жаужүрек» атты 4 жастағы қазақы күрең айғыр. Шабандозы – Ерасыл Әділбек, ат иесі – Бекарыс Үмбетов, бепкері – Заңғар Байқанбаев. (550 мың теңге)

8-орын: Алматы облысы Талғар ауданынан келген «Өскемен» атты 4 жасар ағылшын тұқымды торы айғыр. Шабандозы – Нұрболат Сүнетай, ат иесі – Мерхат Бұлғынов, бапкері – Нұржігіт Табылдиев. (400 мың теңге)

9-орын: Атырау облысы, Индер ауданынан келген «Амина» есімді 6 жастағы көк бие. Шабандозы – Бақдәулет Есімжан, ат иесі әрі бапкері – Олжас Шонышев. (300 мың теңге)

Аламан бәйгенің жеңімпаздарын «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов құттықтап, марапаттады.

Соңғы жаңалықтар