«Алтын тұлпар» аламан бәйгесі 3 қыркүйек күні өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  3 қыркүйек күні «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, «Samruk-kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен  «EXPO-2017» халықаралық көрмесі аясында  «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, осымен төртінші мәрте өткелі отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі үлкен аумақты шеңберді айналып шабу арқылы жүргізіледі. Өткен жылы бір айналым 12.5 шақырым болса, биыл ол қысқартылып, әр айналым 7 шақырымнан болмақшы. Бәйге қашықтығы - 51 шақырым.    Жарыс жолының бойына әрбір 2 шақырым сайын барлығы 7 бақылау бекеті орналасады.

Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрып, бәйге барысын бақылайды. Жарысқа қатысатын шабандоздарға түсі әртүрлі арқасында сандық нөмірі бар арнайы футболка мен бас киім кию міндеттелмек.

Бекеттегі төрешілер көлденеңнен ат қосылып кетпеуін бақылайтын болса, көрермендер мен ат иелері өз жүйріктерінің қай тұста шауып бара жатқандығын «ЛЭД экраннан» бақылауға мүмкіндік қарастырылған.

Аламан  жарысқа жүйрік жылқы тұқымдарының барлығы жіберіліп, еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүліктен қатысады. «Алтын тұлпардың» бас бәйгесі - 10 миллион теңге. Алдыңғы келген тоғыз жүйрікке бәйге бар.

Соңғы жаңалықтар