«Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Назарбаев орталығында «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры жас әдебиетшілердің еңбегіне осымен төртінші рет қолдау көрсетіп отыр. Жылдан жылға байқауға деген қызығушылық артып келеді.

Биылғы бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 108 шығарма келіп түскен. Жеңімпаздар  «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы» дәстүрлі аталымдар бойынша белгіленді. Әр номинация бойынша сыйақы қоры 1 миллион теңгені құрайды.
null 

Сонымен қатар байқау Астананың мерейтойына арналған «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы аталыммен толықты. Оның жүлде қоры 1,5 миллион теңге. 

«Бүгін үздік шығармалардың авторлары кім екені жарияланады. Бұл байқауға қатысқан барлық ақын-жазушыларға алғыс білдіреміз. Сол себепті үздіктерді таңдау өте қиын болды. Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауы бізге қазақстандық жаңа ақындар мен жазушыларды танытып келеді. Бұл өз кезегінде жастар мен қоғам арасында қазіргі заманғы әдебиетті оқуға ынталандыруға, жаңа буын авторларының жарқын өкілдерін анықтауға ықпал етеді. Біз басты құндылық деп осыны  санаймыз. Байқау аталымдары белгілі бір дәрежеде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған халқымыздың рухани құндылықтарын айшықтайды. Сол себепті ұлтық мәдениетті, тарихты және ел жетістіктеріне арналған шығармашылық жұмыстарды біріктіріп, жаңа аталымды қосу мүмкіндігі қарастырылуда», - деді байқаудың маңыздылығы мен қазақ әдебиетін дамытуға қосатын үлесіне тоқталған Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Осылайша, «Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақышева үздік шықты. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қауымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Исламғалиев («Жалғыздық картинасы») қатар жеңімпаз атанды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Гатина топ жарса, «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» аталымының иегері болып Шерхан Талап («Астана бояулары») танылды.

Биыл «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша ұсынылған жұмыстардың қойылған талаптарға сай келмеуіне байланысты, жеңімпаз анықталған жоқ.

Сондай-ақ «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша Тұрсынбек Башаровқа («Чириме») және «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Ақан Марғұланға («Жетіқарақшы») көтермелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.  

Соңғы жаңалықтар