«Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Алтын тобылғы» әдеби байқауын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мейірімді оятар әсерлі оқиға, қызықты жайт, жүрек тебірентер хикая, жалынды өлеңдер. «Алтын тобылғы» әдеби байқауына қатысқан жас ақын-жазушылардың шығармаларын осылай сипаттауға болады.

Байқауға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мұрындық болған, бұл биыл алтыншы рет өтті. Жоба жыл сайын шығармашыл жастардың назарын аударып, қаламының ұшталуына шабыт беріп келеді.

Пандемияға байланысты биыл байқау жеңімпаздары онлайн түрде жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев іс-шараның ашылу салтанатында: «Алтын тобылғы» – жыл санап танымал болып келе жатқан жобаның бірі. 2015 жылы байқауға 120 шығарма қатысса, биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен 161 туынды бақ сынады. Әр авторға байқауға қызығушылық танытқаны үшін, ерекше шығармалары үшін алғыс айтамыз», - деді.


Байқау жеңімпаздары:

- «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясында – Жәнібек Әлиманов, Қарағанды қаласы («Дала жырлары» шығармасы);

- «Жылдың үздік прозасы» - Түркістан қаласынан келген Бақытбек Хадыр («Мәжусилер»);

- «Жылдың үздік балалар шығармасы» - Есеманов Хамит, Тараз қаласы («Күннен келген Батыр»);

- «Жылдың үздік драматургиясы» - Алматы облысынан келген Мұрат Қолғанат («Куәгер»).

Бұл жеңімпаздардың әрқайсысы 2 миллион теңгеден алды.

Қазылар алқасының мүшелері «Абайдың 175 жылдығына арналған шығармалар» арнайы сыйлығының жеңімпазын анықтау барысында сыйлықты екі авторға тағайындауды жөн деп тапты. Олар – Алматы қаласынан Умтыл Зақан («Шыңғыстау Мінжат. Хакім» шығармасы) және Бағашар Тұрсынбайұлы («Жас Абай») Әрқайсысы 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алды.

«Алтын тобылғы» байқау жеңімпаздарын анықтау салтанатын біздің YouTube арнасынан көруге болады. Сілтеме профильде көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар